Қырғызстанда Қазақстан банктерінің аккаунттарын алаяқтықпен сату схемасы анықталды.
ERNUR.KZ. Бішкекте азаматтарды Қазақстандағы Kaspi банктік аккаунттарын ашуға және кейіннен оларға қолжетімділікті ақшалай сыйақы үшін үшінші тұлғаларға беруге тарту схемасы анықталды, деп жазады baq.kz.
Бішкек қалалық ішкі істер басқармасының мәліметінше, Қылмыстық іздестіру басқармасының «К» бөлімінің қызметкерлері 13 адамды анықтап, тергеу қызметіне жеткізді. Олардың арасында:
- 8 болжамды дроппер;
- 2 ұйымдастырушы-арбаушы;
- 1 такси жүргізушісі;
- Банктік аккаунттардың 2 болжамды тапсырыс берушісі бар.
Аккаунтты ашып, оны бергені үшін азаматтарға 10 мың сомнан (50 мың теңгеден астам) төленіп отырған. Ал ұйымдастырушылар, өз кезегінде, тапсырыс берушілерден өз сыйақысын алған.
Құқық қорғау органдарының болжамынша, банктік аккаунттар қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату), заңсыз P2P-операцияларын жүргізу және басқа да заңға қайшы схемаларды жүзеге асыру үшін пайдаланылуы мүмкін еді.
Қазіргі уақытта ҚІІБ қызметкерлері бұл схеманың барлық ықтимал қатысушыларын анықтап, оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр.


