​Маңғыстауда «ҚазАзоттағы» жарылыстан зардап шеккен жұмысшы ауруханада көз жұмды

0
123

Кәсіпорындағы апат 18 шілде күні сағат 14:00 шамасында болған.


​Маңғыстауда «ҚазАзоттағы» жарылыстан зардап шеккен жұмысшы ауруханада көз жұмды

Фото: Lada.kz

ERNUR.KZ. 57 жастағы азамат өндіріс орнындағы жазатайым оқиғадан кейін дереу ауруханаға жеткізілген. Ол 28 шілдеде қайтыс болды, деп жазады inform.kz.
– 28 шілде күні сағат 14:21 шамасында медицина қызметкерлері азаматтың биологиялық өлімін тіркеді. Марқұм 2021 жылдың 21 маусымынан бері зауытта кран машинисі болып жұмыс істеген. Апаттан зардап шеккен тағы үш жұмысшы ауруханада ем қабылдап жатыр, - дейді Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің өкілдері.
Ал «ҚазАзот» АҚ өкілдері қызметкердің отбасына жан-жақты көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
– Қайтыс болған әріптесіміздің отбасына компания тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп жатыр. Кеше үйіне барып, қолдан келген көмегімізді ұсынатынымызды жеткіздік. Жаназа намазынан кейін қаржылық мәселелер мекеме басшылығы мен отбасы мүшелерінің арасында талқыланады. Отбасына қайғырып көңіл айтамыз, - деді компанияның баспасөз хатшысы.
Еске салайық, кәсіпорындағы апат 18 шілде күні сағат 14:00 шамасында болған. Еңбек инспекциясының мәліметінше, жұмысшылар рұқсат құжаттарынсыз газ кескіш құралын пайдаланып, құбыр желісіндегі ақауды жоюға әрекеттенген. Салдарынан тоннель ішінде газ-ауа қоспасы жарылып, төрт жұмысшыны күйік шалды.
Оқиға бойынша еңбек инспекциясы департаменті мен төтенше жағдайлар департаменті арнайы комиссия құрып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Маңғыстауда «КазАзот» зауытындағы оқыс оқиғадан жұмысшылар зардап шеккені туралы жазған болатынбыз.