​Қызылордада динозаврдың сүйегі табылды

0
108

Кешенде алғаш рет 1959 жылы орыс палеонтологы А.Рождественскийдің жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі.


​Қызылордада динозаврдың сүйегі табылды

Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

ERNUR.KZ. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары Шах-Шах шатқалынан табылған қалдықтар Бор дәуіріндегі динозаврлардың сүйегі болуы мүмкін екенін айтады. Себебі бұған дейін де бұл маңнан мұндай қалдықтар табылған. Бұл туралы облыстық тарихи-өлкетану музейі жариялады.

Облыстық мұражай мен Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері аудан территориясындағы Шах-Шах шатқалына барлау экспедициясын ұйымдастырды.

Кешенде алғаш рет 1959 жылы орыс палеонтологы А.Рождественскийдің жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бозтөбе свитасында орналасқан шатқалдан Мезозой эрасының Бор кезеңінде өмір сүрген динозаврлардың сүйектерінің қалдықтары табылады. 1968 жылы бас сүйегі ғана табылған динозавр «Аралозавр» деген атаумен ғылыми айналымға енеді.
— Палеонтологтардың зерттеу жұмыстары барысында гадрозавр отрядына кіретін Аралозавр 93-86 млн жыл бұрын өмір сүргені анықталады. Кейін бұл аймақ еуропалық палеонтолог-ғалымдардың қызығушылығын тудырып, әлемдік ғылыми журналдарға мақалалар жарияланады, — делінген ақпаратта.
Экспедиция нәтижесінде Шах-Шах шатқалынан Бор дәуірінде өмір сүрген тіршілік иелерінің сүйектерінің қалдықтары табылды. Алдағы уақытта палеонтологиялық бұйымдар арнайы мамандар тарапынан зерттеледі.