Премьер-министр «Қазақстан» шипажайының құрылыс алаңында болды.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектенов Қырғызстандағы қазақстандық шипажайлардың құрылысымен танысты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Олжас Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысу үшін Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласына барды. Сапар аясында ол қазақстандық шипажайлар мен демалыс орындарының құрылыс және жаңғырту жоспарларын көріп, жауапты тұлғалардың есебін тыңдады.
«Қазақстан» шипажайының жаңа ғимараты салынып жатыр
Премьер-министр «Қазақстан» шипажайының құрылыс алаңында болды. Мұнда демонтаждау және аумақты дайындау жұмыстары аяқталған. Қазір негізгі корпустардың, коттедждер мен шаруашылық блоктардың іргетасы мен монолитті қаңқасы тұрғызылып жатыр.
«Самал» демалыс үйі жаңартылады
500 орындық «Самал» демалыс үйінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Инвестор анықталып, инвестициялық келісімнің жобасы дайындалған.
Жыл бойы жұмыс істейтін 3-4 жұлдызды заманауи қонақ үй салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Ыстықкөл облысындағы Бостери ауылында орналасқан «Университет» спорттық-сауықтыру лагері бойынша курорттық-рекреациялық аймақты дамыту тұжырымдамасы дайындалуда. Мұнда қазақстандық спортшылардың жаттығуына арналған спорт залдары, бассейндер және өзге де инфрақұрылым салынады.
«Олимп» орталығы қайта жөнделеді
Қазақстандық инвестормен бірлесіп «Олимп» спорттық-сауықтыру орталығын жөндеу және қосымша спорт ғимараттарын салу жоспарланып отыр.
Үкімет бақылауында
Премьер-министр жауапты министрліктер мен ұйымдарға жобаларды сапалы әрі уақытылы іске асыруды, сондай-ақ реконструкция жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Барлық нысан Қазақстан Үкіметінің бақылауында болады.