​Құтқарушылардың жасыл миссиясы: ТЖМ мерейтойына орай 30 игі іс

0
102

​Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойына орай еліміздің өңірлерінде «30 игі іс» атты республикалық акция өтуде.


​Құтқарушылардың жасыл миссиясы: ТЖМ мерейтойына орай 30 игі іс

ERNUR.KZ. Акция аясында ТЖД қызметкерлері ауқымды экологиялық іс-шаралар өткізуде: ағаш отырғызу, аумақтарды көгалдандыру, табиғи аймақтарды тазарту және жаңа жасыл кеңістіктерді құру жұмыстары жүргізілуде.

Ақмола облысында құтқарушылар Көкшетау қаласының маңындағы Қызыл Яр ауылында салынатын өрт сөндіру бекетінің айналасына 50 қарағай көшетін отырғызды. Дайындалған учаскеге топырақ төгіліп, құрылыс қалдықтары мен тастардан тазартылды. Бұл жұмыстарға азаматтық қауіпсіздік нысаны маңында экологиялық таза әрі көрікті аймақты қалыптастыру мақсатында біріге еңбек еткен барлық құрылымдық бөлімшелердің өкілдері қатысты.

Жамбыл облысы да көгалдандыру жұмыстарына белсенді түрде кірісті: Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерінің аумақтарында шағын сәулеттік формалармен безендірілген аллеялар, қолмен төселген жаяу жүргіншілер жолдары және демалыс аймақтары пайда болды. Тараз қаласында құтқарушылар қайырымдылық акциясы аясында 30 ағаш отырғызды, ал әкімдікпен бірлесе отырып, «Ұлы дала» шағын ауданында 600 ағаш отырғызылып, «Құтқарушылар аллеясының» бастамасы қаланды. Бұл жасыл аймақ қала тұрғындары үшін демалыс орнына айналып, құтқарушылардың еңбегіне деген құрметтің символы болмақ.

Петропавл қаласында Уәлиханов көшесінде ТЖД қызметкерлері тұрғын үйлердің маңында 40 қарағай отырғызып, жаңа «Құтқарушылар аллеясын» салды. Бұл бастама қалалық инфрақұрылымды дамытуға қосылған үлес болды.

Экологиялық бастаманы Шымкенттің құтқарушылары да қолдады. «Таза жағалау» акциясы аясында олар қаланың табиғи әрі тарихи символы – Қошқар-Ата өзенін тазалады. Құтқарушылар өзен арнасынан және жағалауларынан қоқысты тазартып, қала тұрғындарына табиғатты сақтау мен экологиялық мәдениеттің маңыздылығы туралы ескертті.

«30 игі іс» – бұл тек акция ғана емес, құтқарушылардың маңызды миссиясының көрінісі: олар тек адамдардың өмірін ғана емес, қоршаған ортаны да қорғауға міндетті. Бұл бастамалар еліміздің ТЖМ қызметкерлерін біріктіріп, Қазақстанның тұрақты әрі таза болашағына үлес қосуда.