«Күйеуіме шай-тамақ істеп беруге келдім»: Орал соты аяғы ауыр 16 жастағы мигрант қызды кешірді (ВИДЕО)

0
117

​Кәмелетке толмаған қыз Өзбекстаннан келген.


«Күйеуіме шай-тамақ істеп беруге келдім»: Орал соты аяғы ауыр 16 жастағы мигрант қызды кешірді (ВИДЕО)

Фото: скрин

ERNUR.KZ. Орал қаласының соты жүкті кәмелетке толмаған аяғы ауыр қызға жаза қолданбау туралы шешім қабылдады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Мамандандырылған әкімшілік сотта Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 4-бөлігін бұзған Өзбекстан азаматының ісі қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, Ш. 2025 жылдың 9 ақпанында Қазақстанға келген. Белгіленген мерзім өткеннен кейін елден шықпай, осында қалған. Сотта кәмелетке толмаған Ш. өз кінәсін толық мойындады және іс материалдарындағы деректерді растады. Ол Қазақстанда анасы мен жұбайы тұратынын, ал Өзбекстанда екі жасар баласы барын айтты.

«Атырауда күйеуім жұмыс істейді. Өзбекстанда екі жасар балам бар, қазір алты айлық жүкті әйелмін. 9-сыныпты бітірдім. Соттан кешірім сұраймын. Айыппұлмен шектеліп, елден шығармауыңызды өтінемін», – деді ол.

Айыпталушының анасы мен қорғаушысы да соттан депортация түріндегі жазаны қолданбауды сұрады.

Сотта жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ, алайда судья гуманизм танытып, қыздың кінәсін мойындауын және жүктілігін жеңілдететін мән-жай ретінде есептеді. Құқықбұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілігін ескере отырып, сот оны әкімшілік жауаптылықтан босатып, тәрбиелік шара қолдануға шешім қабылдады.

Қызға заңды түсіндіру және оны анасының бақылауына беру түріндегі тәрбиелік ықпал ету шаралары тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.