ҚР Су министрлігі: Жамбыл және Қызылорда облыстарында суару маусымын штаттық режимде өткізу үшін барлық жағдайлар жасалған

0
110

Жамбыл облысында вегетация кезеңі жоспарға сай өтіп жатыр.


ҚР Су министрлігі: Жамбыл және Қызылорда облыстарында суару маусымын штаттық режимде өткізу үшін барлық жағдайлар жасалған

ERNUR.KZ. Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласы суаруға айтарлықтай тәуелді. Негізгі дақылдар – жүгері, көпжылдық шөптер, қант қызылшасы, бақша және көкөніс өнімдері. Суару жұмыстары облыстың 10 ауданында жүргізіледі. Алты ауданда ішкі су көздерін пайдаланып, су тапшылығынсыз жұмыс істеп жатыр. Төрт ауданы Қырғыз Республикасынан бастау алатын Шу және Талас трансшекаралық өзендеріне тәуелді. ҚР су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.

Оның хабарлауынша, Талас өзені бассейнінде суару Қырғызстанмен келісілген кесте бойынша Киров су қоймасы арқылы жүргізіледі. Жоспарлы көлем – 400 млн текше метр болса, 8 қыркүйекке қарай 390 млн текше метр су алынды, бұл гидрологиялық жағдайдың тұрақтылығын көрсетеді.

«Шу өзені бассейнінде суару төрт магистральды канал арқылы жүргізіліп жатыр. Вегетация кезеңіне келісілген су көлемі – 180 млн текше метр, 8 қыркүйекке қарай 150 млн текше метр су алынды. Шу, Талас өзендерінен және Тасөткел су қоймасынан алынған жалпы су көлемі – 960 млн текше метр. 8 қыркүйектегі мәлімет бойынша, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы 79 мыңға га-ға жуық жерді суаруға 3900 шарт жасасты, оның ішінде 76 мың га суарылды. Облыстың 4 ауданында қант қызылшасы мен жоңышқаны суару жұмыстары жалғасып жатыр», – деді вице-министр.

Қазір Қазақстанға Киров су қоймасынан секундына 5 текше метр, ал «ГМК» арнасы арқылы секундына 7,5 текше метр су жіберілуде. Бұл көлем қалған дақылдарды суаруға толық жеткілікті. Сонымен қатар Талас ауданында балық шаруашылығына арналған тоған-жинағыштарға су толтыру жұмыстары басталды.

Н.Алдамжаров Қызылорда өңіріндегі ахуал жайлы да хабардар етті. Мұндағы суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі Сырдария өзені бассейніндегі жағдайға жағдайға тікелей байланысты. Осыған байланысты Шардара су қоймасының жұмыс режимі вегетация кезеңінің қажеттілігіне сай реттеліп жатыр. Қызылорда облысындағы суармалы егістік көлемі – 189,6 мың га, оның ішінде 85,2 мың га - күріш алқабы. Бұл алаңдар толық сумен қамтамасыз етілді.

«Қазсушар» РМК филиалы шаруашылықтармен 980 жоспардың орнына 1 мыңнан астам шарт жасасты. Вегетация кезеңінде 3 жарым млн текше метр су алынды. Суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз ету үшін «Қазсушар» Қызылорда филиалы мен шаруа қожалықтары 357 сорғы станциясын пайдалануда, оның ішінде 60-ы – «Қазсушар» филиалының, 297-і – ЖАО, ТЖМ және шаруалардікі. Қызылорда облысында күріш жинау жұмыстары басталды.

Сонымен қатар Қызылорда облысының шаруалары су үнемдеу технологияларын белсенді қолдана бастады. Бүгінгі таңда олар өңірдің 75 мың га суармалы жерді лазерлік тегістеуден өткізді. Іс-шаралар кешенін іске асыру нәтижесінде вегетация кезеңінің штаттық режимде өтуі үшін қажетті жағдайлар жасалды.