ҚР Орталық мемлекеттік музейінде Жеңістің 80 жылдығына арналған көрме ашылды

0
95

Көрмеде соғыс жылдарындағы тылдың маңызды рөлін айқындайтын фотоқұжаттар ұсынылған.


ҚР Орталық мемлекеттік музейінде Жеңістің 80 жылдығына арналған көрме ашылды

ERNUR.KZ. ҚР Орталық мемлекеттік музейінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлік дастаны: ұрпаққа ұран, тарихқа тағзым» атты көрменің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Көрмеде соғыс жылдарындағы тылдың маңызды рөлін айқындайтын фотоқұжаттар ұсынылған. Экспозиция жұмыс күші мен ресурстардың жетіспеушілігіне қарамастан, тылдың майдандағы Жеңіске қосқан зор үлесін бейнелейді. Сонымен қатар, сол кезеңдегі күнделікті өмірді сипаттайтын карточкалық жүйе бойынша азық-түлік пен тауарларды үлестіру құжаттары да қойылған.

Көрменің ерекше экспонаты – Брест бекінісінің қабырғасынан алынған кірпіш фрагменті. Бұл тарихи жәдігерді 1963 жылы бекіністі қорғаған қазақстандық К. Иманқұлов елге әкелген. Сондай-ақ, 1941 жылғы 26 маусымда жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан ұшқыш-оқшы, кіші сержант Бахтыораз Бейсекбаевтың марапаттары да көрмеде көрсетіледі. Ол қайтыс болғаннан кейін, 1998 жылғы 7 мамырда «Халық Қаһарманы» атағына ие болды. Бұдан бөлек, музей қорындағы Ұлы Отан соғысы кезінде қолданылған қару түрлері де көпшілік назарына ұсынылған.

Көрменің басты мақсаты — Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігі мен батырлығын көрсету, халқымыздың фашизмге қарсы күрестегі үлесін тарихи тұрғыдан сақтау. Соғыс басталған күннен бастап-ақ Қазақстан халқы майданға белсенді түрде аттанып, республикада 12 атқыштар және 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы мен 50-ден астам жеке полк құрылған. Мыңдаған қазақ партизан қозғалысына қатысып, ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті.

Бұл көрме – тарихты адамдардың тағдырлары арқылы тануға мүмкіндік береді. Батырлардың өмір жолы мен ерліктері жалпыұлттық мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналған. Әрбір жәдігер – Ұлы Жеңіс тарихымен тығыз байланысқан өмірдің бір көрінісі, тұтас тағдыр.