Қостанайдағы клиника липосакция жасатқан әйелдің ішегін тесіп тастаған: қазір оның жағдайы ауыр

0
231

​Оған ауыр диагноздар қойылды.


Қостанайдағы клиника липосакция жасатқан әйелдің ішегін тесіп тастаған: қазір оның жағдайы ауыр

Фото: Freepik

ERNUR.KZ. Қостанайда семіздіктен операция арқылы құтылғысы келіп, жеке клиникаға жүгінген әйел мүгедек болып қалуы мүмкін, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Сәтсіз отадан 3 күн өткен соң әйелдің жағдайы қатты нашарлап, ауруханаға түскен. Анық болғандай операция кезеніде оның ішегінің бір бөлігін кесіп алған көрінеді.

Қостанай қалалық ауруханасыны дәрігерлері әйелдің қаны бұзылғанын, ішегі тесілгенін, денесінде іріңді-фиброзды перитонит бар екенін, өкпесі қабынып, ауыр дәрежедегі созылмалы анемияға ұшырағанын анықтаған. Қостанай қалалық ауруханасы Бас дәрігердің міндетін атқарушы Қуат Алмағамбетовтың редакцияға берген жауабынан түсінгеніміз, 1992 жылы туған пациент жедел жәрдеммен ауруханаға түскен.

«Бізге түскен сәтінде жалпы жағдайы ауыр деп бағаланды. Науқасқа 7-сінен 8-іне қараған түні шұғыл операция жасалды. Бірнеше рет жасалған хирургиялық араласулардан кейін Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығымен кеңес өткіздік. Сондай-ақ, облыстың бас реаниматологы мен хирургтар да бірнеше рет кеңес берді. Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы ауыр күйде қалып отыр, бірақ динамикасы тұрақты. Есін біледі, өздігінен тыныс алады. Барлық қажетті ем-шараларды толық көлемде қабылдап жатыр», - деді ол.

Дәрігер пациенттің бүгін орташа ауырлықтағы бөлімшеге ауысатынын хабарлады.