Ол әзірге жұмысқа жарамсыз.
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
ERNUR.KZ. Қостанайда пациенттен соққысынан кейін ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен дәрігер ауруханадан шықты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Хирург-уролог Антон Кистанов Ұлттық нейрохирургия орталығынан шығарылды. Қазіргі уақытта ол Қостанайда, ем қабылдауын амбулаторлық түрде жалғастырып жатыр. Дәрігер уақытша еңбекке жарамсыздық парағымен үйінде, мамандардың бақылауында», -облыстық денсаулық басқарамасынан.
Еске салайық, 17 шілдеде дәрігердің қабылдауына кезек күтуге шыдамаған 34 жастағы ер адам Антон Кистановқа шабуыл жасаған. Оның соққысынан кейін комаға түскен хирургқа мидың ауыр дәрежедегі соғылуы, миға жіті қан құйылу, бас сүйегінің жабық сынуы деген диагноз қойылды. Ол саниавиация бортымен Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілді.
Шабуыл жасаған күдікті ұсталып, екі айға қамалды. Осы оқиғадан кейін дәрігерлердің қауіпсізідгі мәселесі қоғамда қатты талқылана бастады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ақ халаттыларға шабуыл жасағандарға жаза күшейтілетінін айтты.
Күзде парламент мәжілісінде заң жобасы қаралады. Онда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар 2-ден 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Төтенше жағдайда жасалған әрекеті үшін 10 жылға дейін сотталады. Егер бірнеше рет дәрігерге қол көтеретін болса, 15 жылға бас бостандығынан айырылады.