Қостанайда лицензиясыз қарыз беріп, азаматтарды қарызға батырған тұрғын сотталды

0
270


Қостанайда лицензиясыз қарыз беріп, азаматтарды қарызға батырған тұрғын сотталды

Фото: ҚМА
Қостанайда лицензиясыз микрокаржылық қызмет ұйымдастырып, азаматтарға жылдық 120 пайызға дейінгі мөлшерлемемен қарыз берген тұрғынға сот үкімі шықты. Тергеу мәліметінше, заңсыз қызметтен түскен кіріс 1 миллиард теңгеден асып, 50-ден астам адам тиімсіз қарыз шарттарына тартылған, деп жазады Stan.kz.

Қостанайда заңсыз микрокаржылық қызметпен айналысып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырған тұрғынға сот үкімі шықты.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті ешқандай лицензиясыз мүлікті кепілге қойып, жоғары пайызбен қарыз берген. Клиенттерді OLX пен Instagram арқылы жарнама жасап тартқан.

Ол азаматтардың қаржылық қиын жағдайын пайдаланып, банктен несие ала алмайтын адамдарға жылдық мөлшерлемесі 120%-ға дейін жететін қарыз ұсынған.

Тергеу барысында қарыз шарттарында нақты берілген сома емес, оған алдын ала есептелген пайыздар, түрлі қызмет ақысы мен басқа да шығындар қосылып, қарыз көлемі негізсіз ұлғайтылғаны анықталды.

Мысалы, жәбірленушілердің бірі қолына 9 миллион теңге алғанымен, келісімшартта 14 миллион теңге көрсетілген. Кейін оған ешқандай ақша берілмесе де, 18 миллион теңге қарыз ретінде рәсімделген тағы бір шарт жасалған. Соның нәтижесінде сот арқылы азаматтан жалпы 26 миллион теңге өндірілген.

Осылайша 50-ден астам адам өздеріне тиімсіз шарттармен қарыз алуға мәжбүр болған. Тергеу мәліметінше, заңсыз қызметтен түскен кіріс 1 миллиард теңгеден асқан.

Сот үкімімен айыпталушы 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ қылмыстық табысқа сатып алынған төрт пәтер, екі жер учаскесі және Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500, Hyundai Santa Fe автокөліктері мемлекет кірісіне тәркіленді.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.