Қостанай облысында тамақ өнеркәсібіндегі ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Баян Сұлу» акционерлік қоғамының «Кондитерлік астана» технологиялық кешені іске қосылды.
ERNUR.KZ. Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ол қосылған құны жоғары өнім өндіруге және отандық өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған.
Бүгінде кәсіпорынға 14,6 млрд теңге инвестиция салынды. Қосымша өндірістік желілер орнатылғаннан кейін инвестициялардың жалпы көлемі 20 млрд теңгеге дейін жеткізіледі.
Жаңа кешен жыл сайын қосымша 16,6 мың тонна кондитерлік өнім өндіреді. Негізгі басымдық бисквит өнімдері мен печенье өндірісіне беріледі.
Өндірістің ұлғаюы кәсіпорынға өнім түрлерін едәуір кеңейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға және нарықтағы жоғары бәсекелестік жағдайында қазақстандық өндірушінің ұстанымын нығайтуға жол ашады және компанияның экспорттық әлеуеті де артады.
Сонымен қатар, өңір экономикасының дамуына да оң ықпал ететін болады.
Кәсіпорын қызметінен түсетін салық түсімдері жылына 4 млрд теңгені құрайды деп күтілуде. Өндіріс көлемінің өсуі көлік-логистика саласына, шикізат пен орау материалдарын жеткізушілерге, сондай-ақ аралас салалардағы басқа да кәсіпорындарға қосымша серпін бермек.
«Баян Сұлу» – 50 жылдан астам тарихы бар Қазақстандағы ірі кондитерлік кәсіпорындардың бірі. Компанияның өнімдері ішкі нарықта ғана емес, ТМД елдеріне, Еуропа мемлекеттеріне және Қытайға да экспортталады.


