ҚҚС-ты 70%-ға төмендету: Қазақстанда балық өңдеуді қолдау күшейтіліп жатыр

0
103

Бүгінгі таңда Қазақстанда балық өңдеумен жалпы жобалық қуаттылығы жылына 126 мың тоннаны құрайтын 73 кәсіпорын айналысады,


ҚҚС-ты 70%-ға төмендету: Қазақстанда балық өңдеуді қолдау күшейтіліп жатыр

ERNUR.KZ. 2028 жылға қарай Қазақстан балық өсіру көлемін 2,5 есеге арттыруды, 800-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуды және жан басына шаққандағы балық тұтынуды екі еседен астамға (4-тен 9 кг-ға дейін) өсіруді жоспарлап отыр. Бұл үшін салаға инвестиция тартылып, мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда балық өңдеумен жалпы жобалық қуаттылығы жылына 126 мың тоннаны құрайтын 73 кәсіпорын айналысады, оның 20-сы балық өнімдерін ЕО елдеріне экспорттау құқығына ие. Бұл ретте балықтың 50 түрі әлемнің 21 еліне экспортталады. Олардың қатарында Германия, Латвия, Литва, Нидерланды, Ресей, Қытай және басқа да елдер бар.

Балық өңдеу көлемін арттыру үшін ҚҚС-ты 70%-ға төмендету, айналым қаражатын толықтыруға қайта өңдеушілерге 5%-бен жеңілдікті несие беру және инвестициялық шығындарды субсидиялау көзделген.

Комитет басшысы 2021-2025 жылдар аралығында жалпы құны 24 млрд теңге, жобалық қуаттылығы жылына 22 мың тоннадан асатын балық өсіру және өңдеу бойынша 95 жоба іске асырылғанын айтып өтті.

Сонымен қатар, бүгінде балық шаруашылығы саласында іске асыру мерзімі 2028 жылға дейінгі ең ірі 41 жобадан тұратын пул қалыптасты. Инвестиция көлемі шамамен 60 млрд теңгені құрады. Олардың ішіндегі ең ірілері Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Маңғыстау облыстарында орналасқан.

Спикер 2024 жылдан бастап балық шаруашылығы субъектілерін несиелік ресурстармен қамтамасыз ету үшін балық өсіру және өңдеу жобаларын 2,5% жеңілдікті мөлшерлемемен бюджеттік несиелендіру көзделгенін атап өтті.

«Ағымдағы жылы әкімдіктермен бірлесіп құны шамамен 20 млрд теңгені құрайтын 14 әлеуетті жоба айқындалды. Бүгінгі таңда балық шаруашылығының 10 субъектісі 8,7 млрд теңге сомасына несие қаражатын алды», - деп нақтылады Серік Сермағамбетов.

Бұдан бөлек, Каспий теңізінде майшабақ аулау лимиті 8 мың тоннадан 42 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде инвесторлар тартылып, олар екі теңіз балық аулау кемесін пайдалана отырып, майшабақ аулауды жүргізуде.

Сондай-ақ барлық портта балық аулау кемелері үшін порттық қызметтерге 70% жеңілдіктер қарастырылған.

«Аквашаруашылық туралы» Заңды іске асыру шеңберінде саланы мемлекеттік қолдаудың бірқатар шаралары көзделген. Оның ішінде аквамәдениет субъектілеріне су жеткізу жөніндегі қызметтерді субсидиялау; айналым қаражатын толықтыруға 5%-бен несие беруді енгізу; инвестициялық мақсаттарға 6%-бен несие беру; ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінде аквамәдениетті жүргізуге байланысты объектілерді салуға рұқсат беру; торламалы шаруашылық қызметі үшін инвестициялық жобаны іске асыруға балық шаруашылығы учаскелерін беру бар. Заңды іске асыру шеңберінде барлығы 60-тан астам заңға тәуелді акт әзірленіп, қабылданды.