Кітап оқитын ұлтқа бастар жол: Қазақстанда балалар әдебиетін дамыту жаңа кезеңге өтті

0
205

Жаңа кітаптардың жарық көруі, кітапханалардың қорын толықтыру, электронды ресурстарды кеңейту және балалар әдебиетін қолдау шаралары еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға қызмет етеді.


Кітап оқитын ұлтқа бастар жол: Қазақстанда балалар әдебиетін дамыту жаңа кезеңге өтті


Баланың кітаппен достығы – оның дүниетанымын қалыптастырып, ойлау қабілетін дамытатын, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіретін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан әлемнің көптеген елдері сияқты Қазақстан да кітап оқу мәдениетін дамытуға және жас ұрпақтың сапалы әдебиетке қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді.

Бұл бағыттағы жұмыстар 2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күні қарсаңында тағы бір маңызды жаңалықпен толыққан болатын. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі 2026 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған 42 мың дана жаңа кітап жарық көріп, еліміздің кітапханаларына жеткізілетінін мәлімдеген еді.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясындағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Аталған құжат кітап оқуды қоғамның күнделікті мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдыруды, әсіресе балалар мен жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыруды көздейді.

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан балалар әдебиетін қолдауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, 2020–2025 жылдар аралығында елімізде жалпы таралымы 396 мың дана болатын 132 кітап атауы жарық көрген. Ал 2026 жылы бұл қор тағы 42 мың жаңа кітаппен толықпақ. Бұл тек кітап санын көбейту ғана емес, балалардың жас ерекшелігіне сәйкес сапалы әрі мазмұнды әдебиеттердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған маңызды шешім.

Балалар әдебиетіне деген сұраныстың артып келе жатқаны кітап нарығындағы көрсеткіштерден де байқалады. Жыл басынан бері еліміздің кітап дүкендерінде 200 мыңнан астам балаларға арналған кітап сатылған. Бұл қазіргі ата-аналардың бала тәрбиесінде кітаптың рөліне ерекше мән бере бастағанын көрсетеді. Цифрлық технологиялардың дамуына қарамастан, дәстүрлі кітаптың құндылығы жоғалмай, қайта жаңаша сипат алып отырғаны байқалады.

Кітап оқуға деген қызығушылықтың өсуінде кітапханалардың да үлесі зор екенін айтпай кеткен болмас. Қазіргі таңда Қазақстанда 3889 көпшілікке арналған кітапхана жұмыс істейді. Оның ішінде 272-сі арнайы балалар кітапханасы болып отыр. Бұл кітапханалардың жалпы қоры 7 миллионнан астам кітапты құрайды. Ал тұрақты оқырмандар саны 1,7 миллионнан асып отыр. Бұл көрсеткіштер кітапханалардың бүгінгі күні де балалардың білім алып, бос уақытын тиімді өткізетін маңызды мәдени орталық болып қала беретінін дәлелдейді.

Мамандардың мәліметінше, кейінгі жылдары балалар әдебиетіне деген сұраныс 75 пайызға артқан. Сонымен бірге қазақ классикалық әдебиетіне және қазақ тіліне аударылған әлемдік үздік шығармаларға қызығушылық шамамен 50 пайызға өскен. Бұл жас оқырмандардың ұлттық әдебиетпен қатар әлем әдебиетінің жауһарларына да ден қоя бастағанын көрсетеді.

Кітапханалардағы оқырман сұранысына жүргізілген талдау жас қазақстандықтардың қандай шығармаларды ерекше ықыласпен оқитынын да айқындады. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» мен «Балалық шаққа саяхат» шығармалары әлі күнге дейін ең көп оқылатын кітаптардың қатарында. Сонымен бірге Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма», «Жусан ісі» повестері, Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесі, Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» шығармасы және Антуан де Сент-Экзюперидің әлемге әйгілі «Кішкентай ханзада» туындысы балалар арасында сұранысқа ие әдебиеттер қатарынан түспей келеді. Бұл шығармалардың барлығы адамгершілік, достық, мейірімділік, еңбекқорлық сияқты мәңгілік құндылықтарды дәріптейді.

Балалардың кітапқа қолжетімділігін арттыруда цифрлық технологиялар да маңызды рөл атқарып отыр. Жаңадан жарық көретін кітаптардың электронды нұсқалары Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасының порталына орналастырылады. Бұл әсіресе шалғай өңірлердегі оқырмандар үшін үлкен мүмкіндік. Биылғы жылдың өзінде портал материалдары 3,6 миллионнан астам рет қаралып, 891 мыңнан астам электронды кітап жүктелген. Алдағы уақытта барлық кітапхана қорларын біріктіретін Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жоба еліміздің кез келген тұрғынына қажетті әдебиетті онлайн форматта оңай табуға мүмкіндік береді.

Балалар әдебиетін дамыту тек кітап шығарумен шектелмейді. Жаңа авторларды қолдау мақсатында мемлекет түрлі әдеби байқаулар мен марапаттарды да жүзеге асыруда. «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы мен Президенттік әдеби сыйлығы аясында балалар әдебиетіне арналған арнайы номинациялар бекітілген. Сонымен қатар Ұлттық кітап күні аясында өткізілетін «Ұлттық кітап» республикалық байқауында балаларға арналған басылымдарға жеке санаттардың енгізілуі бұл бағыттағы шығармашылықты ынталандырудың нақты көрінісі.

Жалпы, бүгінгі қолға алынып жатқан жұмыстардың барлығы бір мақсатқа – кітап оқитын, ойлайтын және білімді ұлт қалыптастыруға бағытталған. Жаңа кітаптардың жарық көруі, кітапханалардың қорын толықтыру, электронды ресурстарды кеңейту және балалар әдебиетін қолдау шаралары еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға қызмет етеді. Себебі кітап оқуға құмар ұрпақ – болашақтың бәсекеге қабілетті, саналы әрі рухани бай қоғамының негізі. Сондықтан балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру – тек мәдени саясаттың емес, тұтас ұлттың болашағына салынған инвестиция деуге толық негіз бар.