Кибералаяқтардан зардап шеккендердің ақшасы қалай қайтарылады - министр жауабы

0
95

Бірақ шетел аумағынан жасалған алаяқтық фактілері бойынша өтемақы алу оңай емес.


Кибералаяқтардан зардап шеккендердің ақшасы қалай қайтарылады - министр жауабы

© Photo : pixabay.com

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов кибералаяқтардан зардап шеккендердің ақшасы қалай қайтарылатынын айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Бүгін үкімет сағатында депутаттар Украинаның екі қаласында ұсталған трансұлттық қылмыстық топ және одан келген шығынды өтеу жайында сұрады. Осы операцияға қазақстандық тәртіп сақшылары да қатысты. Себебі қылмыстық топ мүшелері қазақстандықтарды телефон арқылы алдаған.
Министрдің айтуынша, Украинадағы бірлескен операция кезінде 32 адам ұсталған болатын. Бірақ оларды Қазақстанға бермейді, сол жақта соттайды.

"Ал тергеу шаралары екі елде қатар жүргізіледі. Біз ұсталған қылмыскерлердің базасын қарадық. Шынымен де, зардап шеккен өзіміздің азаматтарымыз бар. Біз алдымен оларды жәбірленуші деп танимыз. Сосын барлық материалды Украинаға жібереміз. Олар да тергеу жүргізіп, қылмыстық істерді сотқа тапсырады. Ал соттың шешімімен жәбірленішулер өз өтемақыларын алады", - деді Сәденов қоғамдық тәртіп мәселелеріне арналған үкімет сағатында.
Бірақ шетел аумағынан жасалған алаяқтық фактілері бойынша өтемақы алу оңай емес.
"Өйткені мынау Украинада ұсталған қылмыстық топтың өзін ғана алсақ, зардап шеккендер көп. Ол жерде Қазақстан азаматтары ғана емес, өздерінікі бар, Ресейдікі бар, тағысын тағы. Соның бәрін жинап тергеу үшін біраз уақыт керек", - деді Сәденов.