«Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының Татарстандағы премьерасы өтеді

0
146

Қойылым классикалық опера жанрында жазылғанымен, заманауи технологиялар кеңінен қолданылады.


«Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының Татарстандағы премьерасы өтеді

ERNUR.KZ. 26 тамыз күні 19.00 -де сағат Мұса Жәлел атындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының гастрольдік бағдарламасы аясында Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтеді.

Гастрольдер Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы арналған. Жоба Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Татарстан Республикасы Мәдениет министрлігінің және Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры тәуелсіздік алғаннан бері Қазан қаласына алғаш рет гастрольдік сапармен келді. Труппаның құрамында әйгілі сахна шеберлері, симфониялық оркестр, хор, балет әртістері мен техникалық мамандар бар. Барлығы 250 адамнан тұратын ұжыммен бірге 16 тоннадан астам бірегей декорациялар мен костюмдер жеткізілді. Қазан көрерменін әсерге толы ғаламат қойылым күтіп тұр.

Басты партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзат Дәуірбаева, Болат Бүкенов, сондай-ақ жетекші солистер Оксана Давыденко, Мақсат Саматов, Евгений Шагаров орындайды. Дирижерлік пультте — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы ҚазҰТОБ-тың бас дирижері әрі 18 жылдан бері Мұса Жәлел атындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері болып келе жатқан Нұржан Байбусинов. Қазан көрерменіне Гүлзат Дәуірбаева да жақсы таныс — ол жеті жыл бойы татар опера театрында табысты қызмет еткен.

Қаладағы барлық негізгі орындарда, әуежайдан бастап, жарнамалық баннерлер мен бейнероликтер орналастырылған. Бүгін Мұса Жәлел атындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театрында толық зал — АНШЛАГ! Қазақстаннан келген әйгілі театрдың қойылымына қызығушылық зор. Қазанда дәл қазір «Жаңа толқын» халықаралық байқауы сияқты мәдени шаралар өтіп жатқанына қарамастан, «Хан Сұлтан. Алтын Орда» премьерасына билеттер санаулы күн ішінде түгел сатылып кетті.

Операның негізінде Алтын Орданың құрылу кезеңіне қатысты оқиғалар жатыр. Басты кейіпкер — Хан Сұлтан, Жошы ханның үшінші жары, ұлы хан Беркенің анасы. Ол өз ақыл-парасаты, мінезі және саяси көрегендігі арқылы Алтын Орда тарихында ерекше орын алып, өз ұлдарын Жошы Ұлысының ірі тұлғаларына айналдырды.

Алтын Орданың рухани мұрасы түркі халықтарын біріктіретін ортақ қазына болып табылады. Сондықтан қойылымға түркітілдес елдердің ғылыми орталықтары мен ғалымдары елеулі үлес қосты. Ғылыми кеңесшілер қатарында Алтын Орда мен татар хандарының тарихын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалиев, Ыстамбұлдағы Мармара университетінің профессоры Ильяс Кемалоғлу және тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығаев бар.

Жобаның авторы — Айнұр Көпбасарова. «Хан Сұлтан» операсы драматург Алмас Нүсіптің шығармасы негізінде жазылып, Маралтай Ыбыраевтың сахналық нұсқасында ұсынылды.

Операның режиссері — Давиде Ливерморе (Италия). Ол Luciano Pavarotti, Plácido Domingo, José Carreras, Mirella Freni, Zubin Mehta сынды атақты әншілермен, сондай-ақ Luca Ronconi, Андрей Тарковский, Чжан Имоу сияқты режиссерлермен жұмыс істеген. Ливерморе Миландағы La Scala, Рим операсы, Туриндегі Teatro Regio, Генуядағы Carlo Felice театрында спектакль қойған.

Қоюшы-дирижер — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбусинов. Ол — Абай атындағы ҚазҰТОБ-тың бас дирижері әрі Мұса Жәлел атындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері.

Қойылым классикалық опера жанрында жазылғанымен, заманауи технологиялар кеңінен қолданылады. Қазіргі қарқынды өзгерістер дәуірінде бейнемазмұн ерекше шешіммен енгізіліп, көрерменге жаңа әсер сыйлайды. Өмірдің символы саналатын терек бұтағы сахналық көріністе өзгеше қолданылады деп күтілуде.

Алдағы премьерада барша көрерменді асыға күтеміз!