Президенттің пайымынша, Қазақстан Еуразия кіндігінде орналасқан ел ретінде, әсіресе, қазіргі алмағайып заманда түрлі үдерістен сырт қалмауы керек.
Фото: Ақорда
ERNUR.KZ. Халықаралық дау-дамайларда ара ағайын болатын ешқандай ойым жоқ. Бұл туралы «Turkistan» газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп жазады inform.kz. – Сыртқы саясатқа қатысты жоғары деңгейдегі іс-шаралардың көптігі Қазақстанның абырой-беделі өсіп, халықаралық құқық субъектісі ретіндегі рөлі арта түскенін көрсетеді. Шетелге жасаған сапарларымнан бөлек, Азия, Еуропа және Таяу Шығыс аймақтарындағы ықпалды мемлекеттердің басшылары Астанаға сапармен келді. Әрбір келіссөзде экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа, әлемдік аренадағы қарым-қатынасқа қатысты маңызды мәселелер көтеріледі. Былтыр экономикамыздағы басымдық берілген салаларды дамыту үшін жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын құжаттарға қол қойылды, - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пайымынша, Қазақстан Еуразия кіндігінде орналасқан ел ретінде, әсіресе, қазіргі алмағайып заманда түрлі үдерістен сырт қалмауы керек.
- Біздің халықаралық қатынастағы негізгі мәселелер туралы өз көзқарасымыз, нақты ұстанымымыз болуға тиіс. Сондықтан, мен БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында осы әмбебап жаһандық ұйымды реформалауға қатысты Қазақстанның ұстанымын егжей-тегжейлі айтып өттім. Халықаралық дау-дамайларда ара ағайын болатын ешқандай ойым жоқ, сондай-ақ, бірқатар елдердің ұсыныс-пікіріне қарамастан, БҰҰ-дағы жұмысқа қайта оралатын ниетім де жоқ. Бірақ, жабық кеңестер мен пікірталастарға қатысамын, оның үстіне бірқатар мемлекет басшылары менің пікірімді білгісі келеді. Мен үшін осы маңызды жұмысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаудың еш қажеттігі жоқ, себебі популизмнен аулақпын. Бұл ұстанымым жабық кеңестерге қатысушылар үшін де маңызды болса керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған басылымның бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбаты жарияланды.