Кейбір қазақстандықтарға зейнетақы төлеу тәртібі өзгереді

0
96

Толық мемлекеттік қамсыздандырудағы қазақстандықтарға зейнетақының 70 пайызы уақытша төленбеуі мүмкін.


Кейбір қазақстандықтарға зейнетақы төлеу тәртібі өзгереді

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Тиісті бұйрық жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірледі. Бұл тізімге нақты кімдер ілігеді және төлемдер қаншалықты қысқарады, деп жазады tengrinews.kz.

Зейнетақы 70 пайызға қысқартылады

Tengrinews.kz иелігіндегі құжаттарға сәйкес, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдардың зейнетақысы уақытша шектеледі. Олардың төлемі 70 пайызға қысқарады.

"Әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету және аталған санаттағы тұлғаларды күтіп-бағу мен зейнетақы төлеуге арналған әлеуметтік қамсыздандырудағы қосарланған қаржыландыруды болдырмау мақсатында зейнетақының 70 пайызын төлеуді уақытша тоқтату ұсынылады. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі зейнетақы алушылар толық мемлекеттік қамсыздандыруда болады", – делінген құжатта.

Мұндай схема қазір де жұмыс істейді

Осыған ұқсас ереже қазір стационарлық үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұратын адамдарға қолданылады.

Толық мемлекеттік қамсыздандырудағы қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға зейнетақы келесі тәртіппен төленеді:

  • егер есептелген зейнетақы ең төменгі мөлшерден төмен болса, заңда қарастырылған көлемдегі сома төленеді;
  • өзге жағдайларда адамға тағайындалған зейнетақының 30 пайызы төленеді, бірақ ол зейнетақының ең төменгі мөлшерінен кем болмауы тиіс;
  • қалған 70 пайызы орталықтың жеке шотына аударылады. Орталық бұл қаражатты уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен пайдаланады. Әдетте бұл тамақ, киім-кешек және тағы басқа шығындар.

Адамның мұндай орталықта тұруы кезеңінде төлем уақытша тоқтатылады.

Орталықтан шыққаннан кейін базалық төлем мен зейнетақы келесі айдың бірінші күнінен бастап толық көлемде қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ зейнетақы мен базалық төлемді нотариалды куәландырылған сенімхат арқылы өкіл арқылы алуға болады.

Егер адам тағайындалған төлемдерді алмаған болса, оларды өткен уақыт үшін алуға болады, бірақ өтініш бергенге дейінгі үш жылдан аспауы тиіс.

Еске салсақ, Қазақстанда жәрдемақы тағайындау туралы шешім қабылдау жүйесі өзгеріп жатыр. Төлемге шын мәнінде кімдер мұқтаж екенін анықтау үшін адамдар санатқа бөлінеді. Шарттардың бірі – алушылар бес топтың біріне (A, B, C, D немесе E) жатқызылады. Tengrinews.kz әл-ауқатты бағалауға арналған онлайн-калькулятор дайындады – мына сілтеме арқылы оқыңыз.