Кейбір қазақстандықтардың жалақысы 50 пайызға өседі

0
112

Табиғи монополиялар туралы заңға енгізілген түзетулер биылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.


Кейбір қазақстандықтардың жалақысы 50 пайызға өседі

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. 2025 жылы 25 мыңнан астам қазақстандықтың жалақысы өседі. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ғылым және инновациялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.

ОКҚ брифингінде Жүсіпова Қазақстанда табиғи монополиялар туралы заңға енгізілген өзгерістерді еске салды. Бұл өзгерістер су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бағытталған.

"Осы өзгерістердің арқасында 1 шілдеден бастап "Қазсушар" қызметкерлерінің еңбекақысы өсті. Жалпы алғанда, бұл реттелетін сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсететін 25 мыңнан астам қызметкердің жалақысын көтеруге мүмкіндік береді. Аймақтар мен статистикалық деректерге байланысты еңбекақы орта есеппен 35-50 пайызға дейін өседі – бұл электр және жылу энергетикасы саласындағы мамандардың деңгейімен теңестіріледі", – деді Жүсіпова.

Оның айтуынша, бұл су саласындағы кадр тапшылығын азайтып, білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді.

Табиғи монополиялар туралы заңға енгізілген түзетулер биылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Еске салайық, маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи монополиялар туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойған болатын. Бұл өзгерістерге сәйкес, су саласы қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы электр және жылу энергетикасы саласы мамандарының жалақы деңгейіне теңестірілді.