ҚазҰТБ-ның болашақ әскери мамандары алғашқы далалық тәжірибеден өтті

0
85

Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті әскери кафедрасының офицерлер тобының студенттері алғаш рет Арнайы операциялар күштерінің 68665 әскери бөлімінде практикалық даярлықтан өтті.


ҚазҰТБ-ның болашақ әскери мамандары алғашқы далалық тәжірибеден өтті

Фото: Қорғаныс министрлігі

ERNUR.KZ. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған далалық жиынның жаңа форматы бөлімшелердің жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтірілу кезеңімен ұштастырылды, деп жазады inbusiness.kz.

Бұл әскери кафедраның "Тәрбие және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру", "Заңгерлік-консультациялық жұмыс" және "Киберқорғаныс" мамандықтары бойынша білім алып жатқан 78 студентіне әскери қызметтің нақты жағдайында тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.

ҚазҰТБ әскери кафедрасы циклінің бастығы полковник Ермиян Бятовтың айтуынша, сабақтарды тікелей әскери бөлімде өткізу болашақ офицерлердің кәсіби даярлық деңгейін едәуір арттырады.

– Жауынгерлік әзірлік жағдайында жеке құраммен жұмыс істеу студенттерге баға жетпес практикалық тәжірибе беріп, алған білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік жасайды. Мұндай даярлық түрі қызметке кіріскен алғашқы күннен-ақ өз міндеттерін сапалы атқара алатын мамандарды қалыптастырады, – деді ол.

68665 әскери бөлімі "Қалқан" арнайы мақсаттағы батальоны ротасы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Асан Тайжанов студенттер бөлімшенің күнделікті қызметіне тез бейімделіп, өздерінің жоғары дайындық деңгейін көрсеткенін атап өтті.

Болашақ офицерлер мерзімді қызметтегі сарбаздарға мемлекеттік-құқықтық даярлық, жауынгерлік ақпараттандыру және тәрбиелік жұмыстар жүргізіп, Конституцияның негізгі ережелерін түсіндірді. Сонымен қатар заманауи байланыс және ақпараттық қауіпсіздік құралдарын, ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды қолдануды меңгеріп, штаттық қарудан тәжірибелік атыстар орындады.

– Әскери кафедрада біз көбіне теориялық білім аламыз. Ал бұл тәжірибе бізге әскери қызметтің шынайы тыныс-тіршілігін көріп, жеке құраммен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік берді. Бұл болашақ офицер мамандығының жауапкершілігін тереңірек сезінуге және әскери қызметті өмірлік таңдау ретінде қабылдауға ықпал етті, – деді ҚазҰТБ әскери кафедрасының 2-курс студенті Диас Молдағали.

Далалық жиын бағдарламасы Ұлттық домбыра күніне арналған шараларымен толықтырылды. Практика соңында үздік студенттер мен мерзімді қызмет әскери қызметшілері марапатталды. Ерекше көзге түскен сарбаздардың ата-аналарына әскери бөлім басшылығы бейнеқоңырау арқылы алғыс білдірді, әскери қызметшілердің жетістіктері ақпараттық бюллетендерде жарияланды.