1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Астана қаласы, Қарағанды және Түркістан облыстарында 150 мыңнан астам егде жастағы азаматқа біржолғы қаржылай көмек көрсетіледі. Төлем мөлшері мен оны алушылар санаты өңірлерге қарай әртүрлі.
ERNUR.KZ. Астана қаласында жасына байланысты зейнетке шыққан барлық тұрғынға 2,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 10 812 теңгеден төленеді. Бұл қолдау шарасымен елордадағы 110 мыңнан астам зейнеткер қамтылады.
Ал Қарағанды облысында 75 жасқа толған және одан асқан 43 405 тұрғынға 5 АЕК мөлшерінде, яғни 21 625 теңгеден біржолғы көмек беріледі. Бұл мақсатқа өңірлік бюджеттен 938,6 млн теңге бөлінген.
Түркістан облысында мерекеге орай үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын жалғызілікті 1 253 қартқа 5 АЕК көлемінде, яғни 21 625 теңгеден қаржылай көмек көрсету жоспарланған.
Сонымен қатар бірқатар өңірде Халықаралық қарттар күніне орай жергілікті бюджеттен арнайы ақшалай төлем қарастырылмаған. Атап айтқанда, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Атырау, Жетісу, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында мұндай төлем берілмейді. Бұл туралы аталған өңірлердің әкімдіктері хабарлаған.
Айта кетейік, 2026 жылы 1 АЕК мөлшері 4 325 теңгені құрайды.
1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл мереке 1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітіліп, 1991 жылдан бастап жыл сайын аталып өтеді. Оның негізгі мақсаты – егде жастағы адамдардың қоғамдағы рөліне, құқықтары мен әлеуметтік қажеттіліктеріне назар аудару.


