Қазақстанның спорттық инфрақұрылымы: қай өңір алда, қай аймаққа серпін керек?

0
120

Ел Үкіметі қазіргі кезеңде маңызы басым нысандарға ғана емес, ауылдық жерлердегі спорт кешендері мен спорт алаңшаларына да көңіл бөлуде.


Қазақстанның спорттық инфрақұрылымы: қай өңір алда, қай аймаққа серпін керек?

Сапалы спорттық инфрақұрылым – тұтас халық денсаулығының кепілі және әлемдік спорттағы жетістіктердің негізі. Сәйкесінше, соңғы жылдары елімізде бұқаралық спортты ілгерілету, халықаралық сайыстар өткізу және кәсіби спортшылар даярлау саласына айрықша көңіл бөлініп, жер-жерде мыңдаған спорт нысаны бой көтерді. Ел Үкіметі қазіргі кезеңде маңызы басым нысандарға ғана емес, ауылдық жерлердегі спорт кешендері мен спорт алаңшаларына да көңіл бөлуде. Дей тұрғанмен, өңірлер арасындағы алшақтық әлі күнге дейін байқалып жатады. Нақтырақ айтсақ, кейбір аймақтарда спорт инфрақұрылымының деңгейі жоғары болса, енді бірінде тапшылық пен қажеттілік бар.


Ресми дереккөздерге сүйенсек, бүгінде ел аумағында 26 000-нан аса спорт нысаны (стадиондар, спорт сарайлары, бассейндер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт мектептері, мұз сарайлары және ашық спорт алаңдары) қызмет көрсетіп жатыр. Қазақстандықтардың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 60 пайызға жеткен және 2029 жылға дейін көрсеткішті 5 пайызға жоғарылату көзделген. Сәйкесінше, биыл да 120-дан астам спорттық инфрақұрылым іске қосылмақ.


Қазақстан Республикасындағы өңірлерге тоқталар болсақ, спорттық инфрақұрылым көрсеткіші ең жоғары – Астана қаласы. Еліміздегі халықаралық деңгейдегі спорт нысандарының басым бөлігі елордада салынған. Олардың қатарына Astana Arena, «Барыс Арена», «Алау» мұз айдыны, «Сарыарқа» велотрегі, Жекпе-жек сарайы мен Олимпиадалық даярлау орталықтарын қосуға болады. Қазіргі уақытта өткізіліп жатқан «Болашақ ойындары-2026» турнирінің де Астанада ұйымдастырылуы мұндағы спорттық инфрақұрылымның деңгейі жоғары екенін аңғартады.


Ал, Алматы қаласы Қазақстандағы қысқы спорт түрлерінің орталығы. Мұндағы Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ тау-шаңғы курорты, халықаралық шаңғы трамплиндері, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы мен Орталық стадионды көпшілік жақсы біледі. Тіпті бұл қала төрт жылда бір жалауы желбірейтін қысқы Олимпиадаға ойындарын өткізуге бірнеше рет үміткер атанған. Демек мұндағы спорт нысандары халықаралық талаптарға сай деуге болады.


Кейінгі жылдары Қазақстандағы үшінші мегаполис – Шымкент қаласы да спорт саласына ерекше назар аударып келеді. Нәтижесінде, қала аумағында 35 мың жанкүйер сыйатын стадион, жаңа спорт нысандары, балаларға арналған футбол академиялары және бұқаралық спорт нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр.


Құрылғанына 8 жыл ғана болған Түркістан өңірінде де спорт саласының маңызы ерекше. Соңғы жылдары облыс орталығы Түркістан қаласы мен аудандарда «Түркістан арена» стадионы, Ескек есу каналы, олимпиадалық спорт мектептері, спорт кешендері және бұқаралық спортқа негізделген алаңдар көптеп ашылды. Өңірде әлі де құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.


Футбол саласын дамытуда көш басынан көрінетін Ақтөбе облысында қазіргі уақытта халықаралық талаптарға сай жаңа стадион, дене шынықтыру кешендерінің құрылысы басталып, балалар мектептері жаңғыртылып келеді. Жекпе-жек түрлері мен қысқы спорт орталығы саналатын Шығыс Қазақстан облысында үстел теннисі академиясы, жабық стадион және спортшыларды оңалту орталығы салынып жатса, жаңа облыс - Ұлытау өңірінде спорт инвестициясы артып, осыған дейін «Жігер» спорт кешені қолданысқа берілсе, биыл жас спортшыларға арналған NAMYS спорт академиясы жұмысын бастамақ.


Сондай-ақ, биыл Әулиеата өңірінде оннан астам нысан ашылады, Қызылорда облысында жаңа футбол стадионы салынып жатыр, ал Атырау облысында жаңа стадион құрылысы басталып, инклюзивті спорт орталығын салу жоспарланып отыр. Мұндай кешендер Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында да салынып жатыр.


Жалпы, Қазақстан спорттық инфрақұрылым тұрғысынан Орталық Азиядағы көшбасшылардың бірі. Ел аумағында әлем, Азия чемпионаттары, қысқы спорт сайыстары сынды ауқымды додалар жиі өткізіледі. Алайда, әлем дегеніміз Орталық Азия ғана емес. Өкінішке қарай, әлемдегі спорт саласындағы үздік елдер мен Қазақстан арасында әжептәуір алшақтық бар. Әлбетте, Қазақстанда жыл сайын спорт нысандарының көбейіп, кешендердің халықаралық талаптарға сай келіп, мемлекеттен тұрақты қолдау қарастырылып, ауыл спортына да айрықша назар аударылып жатқандығы қуантады. Бірақ, өңірлер арасындағы айырмашылық, футбол ареналарының жетіспеушілігі, тозығы жеткен спорт кешендері, спорт саласына негізделген ғылым мен медицина деңгейінің төмендігі секілді өзекті проблемалар шешімін күтіп тұр. Сонымен қатар, спорт саласына бағытталатын инвестиция көлемі де ауыз толтырып айтарлықтай емес. Ел Үкіметі үшін бой көтерген нысандардың сана ғана емес, сапасы және тиімді қолданылуы да әркез маңызды болуы қажет. Осы проблемалар шешіле бастаған кезде ғана Қазақстан жетекші мемлекеттерге жақындап, нағыз спорттық хабқа айнала алады.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ