Қазақстандықтар “Наурыз“ тұрғын үй бағдарламасына 1 желтоқсанға дейін өтінім бере алады

0
112

"Наурыз" тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 2025 жылғы 3 қарашадан бастап 1 желтоқсанға дейін жүргізіледі.


Қазақстандықтар “Наурыз“ тұрғын үй бағдарламасына 1 желтоқсанға дейін өтінім бере алады

фото: tengrinews.kz.

ERNUR.KZ. Қазақстанда 3 қарашада "Наурыз" тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталады, деп жазады tengrinews.kz.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәліметінше, "Наурыз" тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 2025 жылғы 3 қарашадан бастап 1 желтоқсанға дейін жүргізіледі.

Бағдарламаға Отбасы банкінің барлық салымшылары, сондай-ақ депозитінде кемінде 2 миллион теңге жинағы бар және соңғы бес жыл ішінде өзінде де, отбасы мүшелерінде де тұрғын үйі болмаған азаматтар қатыса алады.

Өтінім беру процесі толығымен онлайн форматта жүзеге асырылады. Қатысушылар Baspana Market платформасындағы жеке кабинеттері арқылы өтінім беріп, нәтижесін сол жерде бақылай алады.

Бағдарлама шарттарына сәйкес:

  • таза әрленген жаңа тұрғын үйді сатып алу үшін бастапқы жарна 10 пайыздан,
  • әрленбеген немесе қайталама тұрғын үй үшін бастапқы жарна 20 пайыздан басталады.
"Сыйақы мөлшерлемесі әлеуметтік осал топтар үшін 7 пайыздан (ЖТСМ 7,1 пайыздан), басқа қатысушылар үшін 9 пайыздан (ЖТСМ 9,4 пайыздан) есептеледі. Несие сомасының ең жоғары мөлшері өңірлер үшін - 30 миллион теңге, ал Астана мен Алматы қалалары үшін - 36 миллион теңге көлемінде белгіленген. Несие мерзімі 19 жылға дейін созылады", - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, бағдарлама аясында Астана, Алматы және облыс орталықтарында тек бірінші нарықтағы (жаңа) тұрғын үйлерді сатып алуға болады. Ал моноқалалар мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін бірінші және екінші нарықтағы үйлер ұсынылады. Барлық тұрғын үй нысандары Baspana Market порталы арқылы таңдалады.