ERNUR.KZ. Бүгін барша қазақстандық Астана күнін атап өтіп жатыр. Биыл қаланың елорда мәртебесіне ие болғанына 27 жыл толып отыр, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Туған күнге "сыйлық" жасаған депутаттар
1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Ал үш жылдан кейін елорданы оңтүстіктен орталыққа қарай ауыстыру мәселесі көтерілді. Сол кезде көбісі Алматыны қимай, астананы ауыстыру бастамасын қолдаған жоқ. Оны "ақылға сыймайтын әрекет" деп санады. Өйткенi елдiң жағдайы ауыр болды. Жалақы, зейнетақы уақытында төленбеді.
Жоғарғы кеңес депутаттары елорданы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 40-50 жылдан кейін ғана іске асады деп ойлады. Осылайша 6 шілдеде туған күнін атап өткен Назарбаевқа "сыйлық" жасаймыз деп, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулыны қабылдай салды. Ал үш жылдан кейін барлығы пойызбен жаңа астанаға көшiп барды.
1997 жылы 20 қазанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев астананы ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды. Келесі жылы 6 мамырда Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.10 маусымда Қазақстанның жаңа астанасын халықаралық деңгейде таныстыру шарасы ұйымдастырылды. Қала күні де сол күнге белгіленді.
2016 жылы мейрамды 6 шілдеге ауыстырып, мемлекеттік мерекелер тізіміне де қосты. Себебі тура сол күні Жоғарғы кеңес пен үкімет астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулыны қабылдаған.
Астана-Нұр-Сұлтан-Астана
Қазақстанның елордасы 25 жылдың ішінде атауын төрт рет өзгертті. Алдымен Ақмоланы Астанаға ауыстырды. Ал 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Астананың атауы Нұр-Сұлтанға өзгертілді.
2022 жылы "Жаңа Қазақстан" депутаттар тобы қаланың бұрынғы атауын қайтаруды талап етті. Себебі "адамның көзі тірісінде оның атын қалаға берген дұрыс емес". Осылайша, қыркүйек айында Астананың атауы қайтарылды.
Жалпы, 60 жылдың ішінде қаланың атауы бес рет өзгертілген болатын. Қазақстанның астанасы атауын ауыстыру бойынша Гиннестің рекордтар кітабына да енді.
Бес ауданға дейін өсті
Бүгінде Астана халқы күн санап өсіп келеді. 1998 жылы қалада екі – Алматы мен Сарыарқа ауданы ғана болса, қазіргі кезде қала алты бірдей ауданнан тұрады. Олар: Алматы, Сарыарқа, Байқоңыр, Есіл, Нұра мен Сарайшық аудандары.
2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Астанада 1,5 млн адам тұрады. Ал 2035 жылға дейін қала тұрғындарының саны 2,5 млн-ға жетеді деп болжанып отыр. Осыған байланысты алдағы он жылдың ішінде 120 мектеп, 170 балабақша мен 50-ден астам денсаулық сақтау нысандарын салу қажет.
Айта кетері, Астана халық саны жағынан Алматыдан кейін екінші орында тұр. Ол жақта 2,2 млн адам бар.
Домбыра күнімен тұспа-тұс келді
Биыл Астана күні Домбыра күнімен тұспа-тұс келді. Бұл мейрамды жыл сайын шілденің бірінші дүйсенбісінде тойлайды. Сондықтан Астанада 30 маусым мен 6 шілде аралығында 100-ден астам мерекелік шара жоспарланған.
6 шілде күні өтетін негізгі шаралар:
Ұлттық домбыра күніне орай мерекелік іс-шаралар ("Атырау" көпірі мен Орталық саябақ, мерекелік бағдарлама Амфитеатр сахнасында жалғасады);
"Jastar Energy" жастар концерті ("Қазақ елі" монументі алаңында);
отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен OPEN AIR концерті ("Астана-Арена" стадионы аумағында);
заманауи би түрлерінен жастар арасында "Елордалық батл" би сайысы ("Ақжайық" сквері);
бәйге түрлерінен "Елорда кубогы" турнирі және қазақтың ұлттық спорт түрлерінің үздіктері мен мықтылары қатысатын "Толағай" сайысы ("Қазанат" ипподромы);
Дүниежүзілік бокс қауымдастығы World Boxing аясында ерлер мен әйелдер арасында бокстан Әлем кубогының финалы (Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, басталуы сағат 14:00-де, кіру тегін).
Сонымен қатар қаланың тұрғын алаптарында күндізгі мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Мереке күндері қала бойынша жаңа абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер мен аулалар ашылады.
7 шілдеде Амфитеатр сахнасында "Алтын домбыра" мектебінің 400 оқушысының қатысуымен Ұлттық домбыра күніне арналған тағы бір мерекелік-концерттік бағдарлама өтеді. Ал 8 шілде күні тура сол жерде "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты ұйымдастырылады.