Алика Мұхамадиева желіде қазақтарды “мамбет” деп атап, мұсылмандарды шошқаға теңеген.
Фото: Желіден скрин
ERNUR.KZ. Threads әлеуметтік желісінде “қазақтар мамбеттерімен танымал” деген пікір жазып, басы дауға қалған қарағандылық кәсіпкер әйел Алика Мұхамадиева екі айға тергеу изолятторына қамалды. Ол 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп жазады stan.kz.
Бұған дейін ол желіде бәрінен кешірім сұрап, жазбасынан кейін өз атына қорқыту хаттары келіп жатқанын айтқан.
"Әлеуметтік желідегі шабуылдарды тоқтатуларыңызды өтінемін. Жақындарымның амандығына қатты алаңдаймын. Маған ашулы ер адамдар ата-анам мен отбасымды тауып алатынын жазды. Бұл жағдайға тек өзім кінәлімін. Бұл бәрімізге сабақ болады деп үміттенемін", – деді ол.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті қызға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы, 1-бөлігі – "Ұлтаралық араздықты қоздыру" бойынша іс қозғалғанын растады.
“22 шілде күні Қарағанды қалалық соты тергеу тарапынан түскен өтінішті қанағаттандырып, Мұхамадиеваны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр”, – делінген хабарламада.
Бұл бап бойынша 2 жылдан 7 жылға дейін бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Алика Мұхамадиева желіде қазақтарды “мамбет” деп атап, мұсылмандарды шошқаға теңеген.