Қазақстанды дамытатын – жастардың жалыны мен дарыны

0
86

Еліміздегі жастар саясаты қалай дамып жатыр?


Қазақстанды дамытатын – жастардың жалыны мен дарыны

фото ЖИ көмегімен жасалды

Бүгінде елімізде 6 миллионнан астам жас өмір сүріп, Қазақстанның дамуына жан-жақты үлес қосып келеді. Сондықтан да жастар саясаты – мемлекеттің келешегіне бағытталған басым бағыттардың бірі болып саналады. Себебі, қай ел болмасын, оның үздіксіз дамуы бүгінгі жастар, ертеңгі білікті де білімді азаматтардың белсенділігіне тікелей байланысты. Тиісінше, Тәуелсіз Қазақстан көптеген жылдан бері жастар саясатын дамыту, жастардың белсенділігін арттыру, дарынды жастарды қолдау бағытында қыруар жұмыс атқарып келеді. Бұл бағыттағы іс-әрекеттердің барлығын «Жастар саясатын дамыту» ұғымына сыйдыруға болады. Сонымен, еліміздегі жастар саясаты қалай дамып жатыр? Нақты мысалдармен сөйлейік.


Естеріңізде болса, Қазақстан егемен елге айнала салып, жастар саясатын дамытуды мемлекеттік деңгейде қолға алды. 1995 жылдың «Жастар жылы» болып жариялануы, екі ғасыр түйіскен тұста «Жастар кадрларын даярлау бағдарламасының» бекітілуі сынды мысалдар сөзімізге дәлел. Ал, соңғы жылдары мемлекет жастар саясатын қолдап қана қоймай, сол саясатпен бірге «бір толқында» өмір сүріп келеді.


Осы орайда 2023 жылы елімізде арнайы тұжырымдама қабылданды. Ол «Қазақстан Республикасының 2023–2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы» деп аталады. Аталған құнды құжатта ел жастарының әлеуметтік тұрғыдан дамуы, сапасы жоғары біліммен қамтылуы, қоғамдық істерге етене араласуы, бизнес идеяларының лайықты қолдау табуы сынды бағыттарға басымдық берілген. Жалпы, Қазақстан жастарының өзекті мәселелерін шешу үшін жетпістен астам іс-шара және он индикатор бекітілген. Мұндағы мақсат – жастарды жан-жақты дамыту арқылы Қазақстанның әлеуметтік һәм экономикалық тұрақтылығын сақтау.


Осы ретте, тұжырымдама шеңберіндегі негізгі бағыттар мен мемлекеттік деңгейдегі бағдарламаларға қысқаша тоқталып өтсек. Мәселен, жастарды сапалы біліммен қамту және кәсіптік тұрғыдан дамыту мақсатында бірнеше жоба қолға алынған. Соның ішінде жас мамандардың еңбек нарығына емін-еркін еніп, тәжірибелерін толықтыруға мүмкіндік беретін «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламаларын айтуға болады. Бүгінде білім алған жастың барлығы дерлік аталған бастамалардың игілігін көріп жатыр. Ал, талантты жастарды қолдау бағытында түрлі гранттар, мемлекеттік сыйлықтар, ынталандыру тетіктері мен оқу гранттары қарастырылған. Арнайы әзірленген жол карталары мен семинар-форумдар да дарынды жастардың шыңдалуына мол мүмкіндік сыйлауда. Жастарды жұмыспен қамту, бизнес идеяларын қолдау бағыттарында да тоқтаусыз жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, өткен жылы түрлі бағдарламалар арқылы 35 мың жасты жұмыспен қамту және 9 мың жастың жобасына грант тағайындау жоспарланған. Сондай-ақ, қазір өңірлердегі, тіпті ауыл-аймақтағы жастарды қолдау, оларға бағыт-бағдар көрсету мақсатында жастар ресурстық орталықтары жұмыс істеп тұр. Жастар арасындағы қоғамдық белсенділікті көтеру бағыты да назарда. Бұл үшін түрлі еріктілер қозғалысы мен қоғамдық ұйымдар құрылып, жастар қоғамдық істерге белсене атсалысып келеді. Тиісінше, белсенді жастар мемлекет ісіне араласу, өз пікірлерін ашық әрі сауатты түрде жеткізу сынды қабілеттерін күшейту үстінде.


Тиісінше, аталған мемлекеттік деңгейдегі жұмыстар нәтижесінде кез келген саладағы ел жастарының қоғамдық белсенділігі артып, заман талабына сай жаңарып келе жатқанын аңғарамыз. Жастарды қолдау шаралары да күн өткен сайын жетілдірілу үстінде. Өңірлерде көптеген жаңа жұмыс орны ашылып, жастарды еңбекпен қамту көрсеткіші жақсарып жатыр. Мұның барлығы – келешегінен үміт күтетін елдің игілігі деп білеміз.


Дегенмен, жұмыс бар жерде кемшілік те болары анық. Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, қазір еліміздің кейбір ауылдық жерлеріндегі жастардың мүмкіндіктерін арттыруға, жастардың инновациялық мүмкіндіктерін молайтуға, жастарға сапалы білім беру ісіне білікті мамандарды жұмылдыруға және мемлекеттік деңгейдегі бағдарламаларды күшейту үшін әлемдік тәжірибелерді де қолдануға көңіл бөлу қажет. Бұл жұмыстардың да Қазақстанды әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамытуға ықпал етері анық. Жастардың бойындағы жалын мен дарынды тиімді қолдану күн тәртібінен түспейтін талапқа айналуы тиіс.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Бөлісу