20 қазаннан бастап жаңа кәсіпкерлерге арналған гранттарға өтінім қабылдау басталады.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда 20 қазаннан бастап жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау басталады. Қаржылай көмек көлемі — 400 АЕК, яғни 1,5 миллион теңгеден астам. Бағдарлама еліміздің тоғыз өңірін қамтиды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылы гранттар Абай, Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында берілмек.
«Грант мөлшері – 400 АЕК (1 572 800 теңге). Әрбір қатысушы оны тек бір рет ала алады. Гранттар өтеусіз негізде беріледі және олардың негізгі мақсаты – жаңа бизнесті іске қосу мен дамыту», – деп нақтылады ведомство.
Өтінімді business.enbek.kz порталы арқылы беруге болады: қатысушы тіркеліп, бизнес-жоспар мен өтінішті толтырып, оны ЭЦҚ арқылы қол қоюы тиіс. Сондай-ақ құжаттарды жұмыспен қамту орталықтарындағы және ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында тапсыруға мүмкіндік бар.
Грант алуға жұмыссыздар мен тіркелгеніне үш жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Бірақ олар әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс: мүгедектігі бар адамдар, қандастар, қоныс аударушылар, көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылар және басқа санаттар.
Берілген қаражатты үй-жайды жалдауға, жабдық, құрал-жабдықтар, мал, тұқым немесе көшет сатып алуға пайдалануға болады. Дегенмен грант тұтынушылық мақсаттарға, несие төлеуге немесе тұрғын үй сатып алуға берілмейді.
Еңбек министрлігінің хабарлауынша, өтінімдерді іріктеу комиссиялық түрде жүргізіледі – бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі мен өміршеңдігі бағаланады.
«Комиссияның әр мүшесі бизнес-жоспарды нақты критерийлер бойынша бағалайды – жоба мазмұнының пысықталуы, өткізу нарығы және жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуеті. Грант беру туралы шешім ұжымдық түрде қабылданады», – деді министрлікте.
Нәтижелер үміткерлерге жеке кабинеттері арқылы хабарланады.