​Қазақстандағы банкаралық QR-төлем жүйесіне 6 банк қосылды

0
107

Қазақстанның ұлттық төлем корпорациясы басқармасының төрайымы Жанар Самаева өткен айда банкаралық QR жүйесінің пилоттық нұсқасы іске қосылғанын атап өтті.


​Қазақстандағы банкаралық QR-төлем жүйесіне 6 банк қосылды

Фото: Kazinform / Еламан Тұрысбеков

ERNUR.KZ. Бүгін елімізде бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі ресми түрде іске қосылды, деп жазады inform.kz.

Бұл туралы Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit форумы аясындағы баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов хабарлады.

– Бүгін біз үлкен ұлттық жоба – бірыңғай QR жүйесін ресми түрде іске қостық. Бұл бастама, біріншіден, қаржы қызметтерін қолданатын қарапайым адамдардың өмірін жеңілдетеді. Екіншіден, жалпы жүйенің тиімділігін арттырады. Үшіншіден, Орталық Азия аймағындағы көшбасшылығымызды бекітеді. Біз әрдайым технология, цифрландыру саласында алдыңғы қатарда болуымыз керек, - деді ол.
Қазақстанның ұлттық төлем корпорациясы басқармасының төрайымы Жанар Самаева өткен айда банкаралық QR жүйесінің пилоттық нұсқасы іске қосылғанын атап өтті. Ол серіктес банктерге бастаманы қолдағаны үшін ризашылығын білдірді. Айтуынша, бірыңғай QR қазірдің өзінде бірнеше миллион пайдаланушыға қолжетімді. Жүйеге Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, Halyk Bank, Altyn Bank, RBK Bank және Home Credit Bank қосылған.
– Жалпы жоспар бойынша, сервис барлық өңір мен сауда кәсіпорындарын қамтиды. Жыл соңына дейін тағы үш банк қосылуы мүмкін. Бұл – күрделі әрі ұзақ жұмыс. 2026 жылы жүйені толық көлемде іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деді Жанар Самаева.