Қазақстанда жоғары сыныпта оқитын қыздарды гинекологтар қандай көрсеткіштер бойынша тексеретіні айтылды

0
119

Негізгі мақсат жасөспірім қыздарда жыныс және репродуктивті жүйе ауруларының ерте белгілерін анықтау.


Қазақстанда жоғары сыныпта оқитын қыздарды гинекологтар қандай көрсеткіштер бойынша тексеретіні айтылды
Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі орта және жоғары сынып оқушыларына акушер-гинекологтар кеңесін енгізу жөніндегі ұсыныстың мән-жайын түсіндірді, деп жазады stan.kz.

Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің мәліметінше, бұл норма Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-264/2020 бұйрығына енгізілетін өзгерістерге қосылады.

Негізгі мақсат жасөспірім қыздарда жыныс және репродуктивті жүйе ауруларының ерте белгілерін анықтау. Алдымен оларды жалпы тәжірибелік дәрігер немесе педиатр қарайды. Егер көрсеткіштер анықталса гинекологқа жіберіледі.

“Гинекологқа қаралу жыныстық жетілуге қатысты шағымдары бар қыздарға немесе репродуктивті денсаулықтың жай-күйін алдын алу мақсатында тағайындалады. Бұл ерте кезеңде ауытқуларды анықтауға, болашақта асқынулардың алдын алуға және дұрыс гигиеналық дағдылар қалыптастыруға көмектеседі”, – деді Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.

Тексерулер алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде және жастар денсаулық сақтау орталықтарында жүргізіледі. Дегенмен, тексеру үшін ата-аналардың немесе заңды қамқоршылардың келісімі қажет.

Сонымен қатар, 16 жастан асқан қыздар “Қоғамдық денсаулық сақтау және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодекстің 78-бабының 2-бөліміне сәйкес, өз бетінше хабардар келісім беруге немесе профилактикалық көмектен бас тартуға құқылы.