Қазақстанда жаңа ислам банкі тіркелді

0
101

Tansar Islamic Bank 2026 жылғы 16 қазанда "Астана" халықаралық қаржы орталығында тіркелген.


Қазақстанда жаңа ислам банкі тіркелді

Фото: ndelo.ru

ERNUR.KZ. Қазақстанда Tansar Islamic Bank атты жаңа ислам банкі тіркелді. Оның жарғылық капиталы 12 миллион долларды құрайды. Банк шариғат қағидаларына сай қаржыландыру, төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу, валюта операцияларын жасау және клиенттердің қаражатын басқару қызметтерін ұсынуды жоспарлап отыр, деп жазады stan.kz.

Tansar Islamic Bank 2026 жылғы 16 қазанда "Астана" халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Оның жалғыз акционері — Tansar Group JSC. Банктің бас директоры болып Рүстем Баймаханов тағайындалды. Директорлар кеңесіне Ержан Ағибаев, Нұркен Досмұхамбетов, Айдос Мұсатаев және Есжан Біртанов кірді. Алайда қаржы орталығында тіркелу банкке бірден қызмет көрсетуге рұқсат бермейді. Ол жұмысын бастау үшін қаржы орталығының реттеушісі — AFSA-дан тиісті лицензия алуы керек.

Еске салсақ, Ислам банкингінде дәстүрлі несие сияқты пайыздан табыс табуға жол берілмейді. Оның орнына банк тауарды үстеме бағамен сату, мүлікті жалға беру немесе ортақ инвестиция жасау арқылы табыс табады. Мысалы, банк клиентке қажетті тауарды өзі сатып алып, оған үстеме бағамен сата алады. Мұндай операциялар шариғат талаптарына сай жүргізілуі керек.

Десе де, Ислам банктерінің Қазақстандағы үлесі әзірге аз. 2025 жылдың үшінші тоқсанында олардың активтері елдің банк секторының жалпы активтерінің 0,4 пайызын құраған. Дегенмен соңғы жылдары бұл бағытта өсім байқалады. 2026 жылғы тамызда Қазақстандағы ислам банктерінің активтері 315,3 миллиард теңгеге жеткен. 2010 жылдың тамызында бұл көрсеткіш 9,6 миллиард теңге болған. Осылайша, 16 жылда ислам банктерінің активтері шамамен 33 есе өскен.