Қазақстанда дәрілер мен вакциналарды тасымалдау және сақтау тәртібіне бақылау күшейтіледі

0
126

Құжат "Ашық НҚА" порталында 3 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға орналастырылған.


Қазақстанда дәрілер мен вакциналарды тасымалдау және сақтау тәртібіне бақылау күшейтіледі

Фото: freepik

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі иммунологиялық дәрілік препараттарды (иммунобиологиялық дәрілік препараттарды) сақтауға, тасымалдауға және пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға түзетулер әзірледі, деп жазады zakon.kz.

Өзгерістердің басты мақсаты – вакциналар келіп түскен сәттен бастап медициналық ұйымдарда қолданылғанға дейінгі жеткізу мен сақтаудың барлық кезеңінде температуралық режимнің сақталуын бақылауды күшейту.

Атап айтқанда, жобада температураны тәулік бойы қадағалап, белгіленген көрсеткіштерден ауытқу болған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін цифрлық мониторинг құралдарын қолдану көзделген.

Вакциналардың сапасы мен тиімділігін сақтау үшін қажетті арнайы сақтау және тасымалдау жағдайларын қамтитын "суық тізбек" жүйесін жетілдіруге ерекше назар аударылған.

Сонымен қатар препараттарды есепке алу және олардың қозғалысын қадағалау тетіктерін жетілдіру ұсынылады. Бұл олардың қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етіп, әр кезеңдегі бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, азаматтар үшін бұл, ең алдымен, вакциналардың қауіпсіздік пен сапаға қойылатын талаптарға сай сақталып, жеткізілетініне қосымша кепілдік болады.

Жалпы, өзгерістер иммундық профилактика жүйесінің сенімділігін одан әрі арттыруға және халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған.

Құжат "Ашық НҚА" порталында 3 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға орналастырылған.