Қазақстанда 2026-2027 жылғы қыс қандай болады?

0
104

"Қазгидромет" алдағы қыста Қазақстанда ауа райы қандай болатынын айтты.


Қазақстанда 2026-2027 жылғы қыс қандай болады?

Фото: Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

ERNUR.KZ. Алдын ала болжамға сәйкес, 2026–2027 жылдардың қысы салыстырмалы түрде жылы болады, алайда кей өңірлерде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан асуы мүмкін. Синоптиктер температура күрт өзгеріп, боран мен көктайғақ болатынын ескертті, деп жазады tengrinews.kz.

Қазақстанда қыс қандай болады?

Маусымдық консультативтік болжамға сүйенсек, Қазақстанның басым бөлігінде қысқы ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болады деп күтіледі. Сонымен қатар еліміздің солтүстік-батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық аймақтарының кейбір аудандарында жауын-шашын әдеттегіден көп түсуі мүмкін.

Қыс мезгілінде боран соғып, екпінді жел тұруы, тұман мен көктайғақ болуы ықтимал. Температураның күрт өзгеруі салдарынан қар бетінде мұз қабыршағы пайда болуы мүмкін.

Желтоқсан

Желтоқсанда Қазақстанның бүкіл аумағында орташа ауа температурасы климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болады деп болжанады.

Елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында болады. Еліміздің солтүстігінде, сондай-ақ солтүстік-батыс пен солтүстік-шығыстың солтүстік аудандарында қар мен жаңбыр әдеттегіден көп болады деп күтіледі.

Жауын-шашын нормадан көп түсетін өңірлердің қатарында Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бар.

Қаңтар

Қаңтарда Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы нормадан 1–2 градусқа жоғары болады деп күтіледі. Еліміздің батыс бөлігінде, соның ішінде Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, сондай-ақ Ақмола облысының солтүстік-батысында температура климаттық норма шамасында болады.

Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында болады деп болжанады. Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында, Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында жауын-шашын көбірек түседі.

Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының кейбір аудандарында, сондай-ақ Жетісу, Ұлытау және Абай облыстарында жауын-шашын нормадан аз болуы мүмкін.

Ақпан

Ақпанда Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы нормадан 1–3 градусқа жоғары болады деп күтіледі. Еліміздің солтүстігі мен шығысында, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, Павлодар облысының басым бөлігінде, Абай облысының солтүстік-шығысында, Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстігінде температура климаттық норма шамасында болады деп болжанады.

Өңірлердің басым бөлігінде жауын-шашын нормадан көп болады деп күтіледі. Елдің батыс жартысында олардың мөлшері негізінен климаттық норма шамасында болады.

Маңғыстау облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Ақтөбе облысының оңтүстігінде және Қызылорда облысының оңтүстік-батысында жауын-шашын аз болады деп болжанады.

Еске салсақ, бұған дейін синоптиктер күздің соңғы айына арналған консультативтік болжамды ұсынған болатын. 2026 жылдың қарашасы Қазақстанда климаттық нормадан 2 градусқа жылы болады деп күтіледі. Сонымен қатар бірқатар өңірлерде жауын-шашын әдеттегіден көп болады деп болжанып отыр.