Қазақстанда зейнетақы қорынан шешуге болатын ақшаның жеткілікті шегі ұлғайтылмақ

0
104

Қолданыстағы жеткілікті шек биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енген.


Қазақстанда зейнетақы қорынан шешуге болатын ақшаның жеткілікті шегі ұлғайтылмақ

ERNUR.KZ. Келеcі жылы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын алуға болатын қаражаттың төменгі жеткілікті шегі ұлғаюы мүмкін. Яғни қор қаржысын пайдалану қиындай түседі. Мамандардың сөзінше, бұған бірнеше фактор ықпал етеді, деп жазады Stan.kz.


Сарапшылар БЖЗҚ-дағы шекті соманы төмендетуді ұсынып отыр. Пайымдарынша, халық осы арқылы баспана мәселесін шешіп алғаны абзал.

Қазір зейнетақы қорындағы қаржы жалпыға бірдей қолжетімді емес. Өйткені жеткіліктілік шегі жоғары. Жас ерекшелігіне қарай 3 миллионнан шамамен 10 миллион теңгеге дейін барады. Мәселен 20 жастағы қыз-жігіттер үшін 3 миллион 260 мың теңге. Ал 30 жастағылар үшін – 4 миллион 580 мың теңге, 40 жасқа – 6 миллион 100 мың. Бірақ табысы тұрақты, айлығы 200 мың теңгенің айналасындағы адам бұл мүмкіндікті қолдана алмайды. Сондықтан орташа жалақы мөлшерін өсірген жөн дейді.

“Зейнетақы қорынан ақшаны алған кезде үй қымбаттап жатады. Яғни, сол шекті ақшаның өзі кейде оның баспананың алғашқы жарнасына жетпей қалатын жағдайлар болады. Сол үшін құрылыс компанияларының бағасын реттеп отыру қажет. Нарықта сұраныс артқан сайын олар бағаны көтеріп жіберуі мүмкін. Сол үшін баға қандай болды, сондай қалыпта ұстап қалса, тіпті үйдің 50 пайызын жабуға мүмкіндік алады. Кейбір жағдайда толыққанды үйді сатып алуы мүмкін”, – деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Депутат Үнзила Шапақ қордағы қаржыға тиіспеудің жолдарын қарастырған жөн дейді. Пікірінше, баға күн де бір құбылып, қымбаттап жатқан кезеңде бұл жағдайды қиындататынын айтады. Демек халықты ақша жинауға үгіттеу керек.


Қолданыстағы жеткілікті шек биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енген. Бірақ көрсеткіш кейінгі үш жыл ішінде өзгерген жоқ. Ал келесі жылы бірқатар әлеуметтік төлемдер қайта қаралатынын ескерсек, төменгі шек те көтерілуі бек мүмкін.

“Зейнетке шыққан кезде зейнетақымыз қордан түскенде өте аз боп қала ма деп қорқақтаймын. Сондықтан мен басқаша ойланамын. Сол ақшаны көбірек жинаған дұрыс шығар. Біз қазақи ойлап, бала-шағамыз асырайды деп күтуіміз мүмкін. Жоқ, қазіргі заманғы көзқарас басқаша”, – деді мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ.