Қазіргі заңда онлайн-платформаларды уәкілетті органның талаптарын орындауға міндеттейтін нақты процедура жоқ.
Фото: BAQ.KZ коллажы
ERNUR.KZ. "Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы" заңға уәкілетті органның талаптарын орындамаған платформалардың қолжетімділігін шектеуге мүмкіндік беретін норма енгізу ұсынылды. Бұл бастама "Онлайн платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында көзделген, деп жазадв BAQ.KZ.
"Ашық НҚА"порталында жарияланған құжатты Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірледі.
Қазіргі заңда онлайн-платформаларды уәкілетті органның талаптарын орындауға міндеттейтін нақты процедура жоқ. Ал жаңа норма енгізілсе, уәкілетті органның талаптарын орындамаған онлайн-платформаға Қазақстан ішінде кіруді шектеуге мүмкіндік туады.
Заң жобасында 2023 жылғы 10 шілдедегі "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 24-бабы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын делінген:
“Онлайн-платформалардың меншік иелері және (немесе) заңды өкілдері (өкілдіктері) уәкілетті органның талаптарын орындамаған жағдайда, уәкілетті орган интернет-ресурстарға, онлайн-платформаларға және лездік хабар алмасу қызметтеріне қолжетімділікті шектеу қағидаларына сәйкес онлайн-платформаға қолжетімдікті шектейді”.
Сәйкесінше, аталған заңның 8-бабы уәкілетті органның өкілеттіктерін кеңейтетін төмендегідей мазмұндағы тармақшалармен толықтырылсын делінген:
- онлайн-платформаларды мониторингтеу қағидаларын бекітеді;
- интернет-ресурстарға, онлайн-платформаларға және лездік хабарлар алмасу сервистеріне қолжетімділікті шектеу қағидаларын бекітеді.


