Қазақстанда шетелден телефон алып келетіндерге IMEI-кодты тіркеу тәртібі жеңілдеді

0
260

Бұған дейін телефонның елге заңды түрде әкелінгенін растау үшін азаматтар басқа сайттардан қосымша мәлімет алуға мәжбүр болған.


Қазақстанда шетелден телефон алып келетіндерге IMEI-кодты тіркеу тәртібі жеңілдеді

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

ERNUR.KZ. Қазақстанда шетелден телефон әкелген азаматтарға оны тіркеу жеңілдеді. Енді IMEI-кодты тексеру үшін қосымша құжат жинаудың қажеті жоқ. Телефонның елге заңды түрде әкелінгені туралы мәліметтер автоматты түрде тексеріледі, деп жазады stan.kz.

Бұған дейін телефонның елге заңды түрде әкелінгенін растау үшін азаматтар басқа сайттардан қосымша мәлімет алуға мәжбүр болған. Енді бұл ақпарат мемлекеттік дерекқорлардан тікелей алынады. Бұл талап, ең алдымен, смартфонды шетелден өзі сатып алып, Қазақстанға алып келетін азаматтарға қатысты. Сондай-ақ ұялы телефон импорттаушылары да тексеруден өтуі керек.

Қазақстанда IMEI-кодты тексерудің жаңа тәртібі 2025 жылғы 25 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді. Ал осы күнге дейін Қазақстанның ұялы байланыс желілерінде пайдаланылып, тіркелген телефондарды қайта тексерудің қажеті жоқ. Егер жаңа телефон "сұр тізімге" енсе, оның елге заңды түрде әкелінгенін растау үшін 30 күн беріледі. Осы уақыт ішінде тексеруден өтпесе, телефон Қазақстанның ұялы байланыс желілерінен ажыратылуы мүмкін.

Өтінішті eGov Mobile қосымшасы немесе portal.imei.gov.kz сайты арқылы беруге болады. Ол үшін eGov Mobile қосымшасындағы "Танымал қызметтер" бөліміне кіріп, "IMEI-кодты тексеруге өтінім" қызметін таңдау қажет. Содан кейін жеке деректерді өңдеуге келісім беріп, Digital ID арқылы биометриялық сәйкестендіруден өту керек.

Одан әрі қызмет көрсету шарттарымен танысып, өтініштің тиісті түрін таңдау қажет. Жеке басты растау үшін бейнеарқылы сәйкестендіру қарастырылған.