Қазақстанда саусақ ізі арқылы тіркеу ережесі өзгерді

0
145

Жаңа өзгерістер Ішкі істер министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен енгізілген.


Қазақстанда саусақ ізі арқылы тіркеу ережесі өзгерді

Фото: Magnific.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда 1 шілдеден бастап дактилоскопиялық және геномдық тіркеуден өткізуге қатысты жаңартылған ережелер күшіне енді. Ішкі істер министрлігі жаңа тәртіптің кімдерге қатысты екенін және саусақ ізін алу рәсімі қалай жүргізілетінін түсіндірді, деп жазады stan.kz.

Жаңа өзгерістер Ішкі істер министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен енгізілген.

Ережеге сәйкес, көші-қон қызметі бөлімшелері 16 жастан асқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың саусақ ізін алады. Бұл рәсім уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеу кезінде, сондай-ақ тұруға ықтиярхат, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі және жол жүру құжатын алғаш рет алу, қалпына келтіру немесе ауыстыру кезінде жүргізіледі.

Сондай-ақ дактилоскопиялық тіркеу Қазақстан визаларын рәсімдеу барысында да қолданылады. Бұдан бөлек, Қазақстаннан шығарылуға жататын немесе реадмиссия туралы халықаралық келісімдерге сәйкес келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардан да саусақ ізі алынады.

Құжатта рәсімнің өту тәртібі де нақтыланған. Құжаттар мен визаларды рәсімдеу кезінде саусақ ізі бояусыз әдіспен, яғни барлық он саусақты сканерлеу арқылы алынады. Егер жүйе саусақ ізін тани алмаса, қайта сканерлеу жүргізіледі. Қажет болған жағдайда дактилоскопияның басқа тәсілі қолданылуы мүмкін.

12 жасқа толмаған балалар мемлекеттік шекарадан өткен кезде міндетті дактилоскопиялық тіркеуден және саусақ ізі арқылы жеке басын растаудан босатылады.

Сонымен қатар виза рәсімдеу кезінде саусақ ізін тапсырудан босатылатын адамдар санаты да белгіленген. Олардың қатарында:

  • шет мемлекеттердің басшылары;
  • дипломатиялық паспорт иелері;
  • ресми делегация мүшелері және ережеде көрсетілген өзге де тұлғалар бар.

ІІМ мәліметінше, дактилоскопиялық ақпарат адамның жеке басын растау, шетелдіктерді есепке алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік шекарадан өту кезіндегі бақылау үшін пайдаланылады.

Ал геномдық ақпарат қылмыстарды тергеу, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу, танылмаған мәйіттердің жеке басын анықтау және туыстық байланысты растау мақсатында қолданылады.