Қазақстан – бай ел.
ERNUR.KZ. Жапониядан Бельгияға бара жатқан жолда жексенбіні Алматыда тамаша өткіздім. Демалыс күні өзен жағасында жақсылап серуендегеннен кейін бойыңды әрдайым позитив кернейді.
Дәл осындай сәтте өзіме де, айналамдағыларға да неліктен бізге дәл осы елде және дәл осы бір қиын-қыстау заманда өмір сүру бақыты бұйырғанын еске салғым келеді!
1. Қазақстан – жас мемлекет.
Бізде әлі де салыстырмалы түрде ерте шаңырақ көтереді, отбасылар үлкен, балалар өте көп. Ал көп балалы болу – керемет үрдіс. Мұндайды ең бай елдерден де, әл-ауқаты бізбен деңгейлес мемлекеттерден де қазір кездестіру қиын. Бұл өте тамаша, өйткені бізде энергия, бірдеңені өзгертуге деген талпыныс, бизнес құруға, еңбек етуге, жаңа мамандықтар мен технологияларды меңгеруге деген құлшыныс мол. Шын мәнінде, бұл – өте үлкен актив. Мұны айқын түсіну үшін әлемді көп аралап, саяхаттау керек.
2. Қазақстан – бай ел.
Сатып алу қабілетінің паритеті (САҚП) бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейімен біз қазірдің өзінде Түркия, Грекия және Қытайдан баймыз. 2025 жылы біз ЖІӨ көлемі бойынша Ресейді басып оздық. Тарихта алғаш рет. Сонымен қатар, біз «орташа табысы бар» көршілеріміздің көбіне қарағанда әлдеқайда жылдам өсіп келеміз. Әлемдік өсім шамамен 2-3% болса, біз 5-6%-ға дейін қарқын алудамыз. Бұл біздің және балаларымыздың заманауи технологияларға, білімге және серіктестіктерге әлемнің көптеген елдерінен ертерек қол жеткізетінін білдіреді. Мен елімізде жоғары білімге және жасанды интеллектке (ЖИ) деген сұраныстың құрылымдық жағынан өте жоғары екенін көріп отырмын, мемлекет те қазір тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде білім саласына рекордтық деңгейде қаржы құюда. Адами капитал шынымен де өсіп келеді, әрбір келесі ұрпақ құндылықты тиімдірек жасайтын болады, демек, біз әрі қарай да байи береміз.
3. Біз – технооптимистер мен кәсіпкерлер ұлтымыз.
Біз жауапкершілікті өз мойнымызға алудан және тәуекел етуден қорықпаймыз. Біз ненің мүмкін екенін жақсы түсінеміз және азға қанағат тұтқымыз келмейді. Сонымен бірге, біз – соқпағы көп жаңа жолдарда міндетті түрде кездесетін барлық қиындықтарды жеңе білетін жауынгерміз. Адамдарға сындарлы еркіндік пен әділ ойын ережесін, үлкен дүние жасап, жақсы табыс табу мүмкіндігін берсеңіз, олар ешқандай Хогвартссыз-ақ нағыз сиқыр жасайды. Дәл соңғы жылдары Қазақстанда пайда болған мықты технокәсіпкерлердің шоғырын мен басқа еш жерден кездестірмедім. Менің ойымша, бұл – біздің ортаның, жоғарыдан түскен басымдықтардың және ұлы даламыздың ауасында сіңген мәдениеттің бір бөлшегі. Және ол әрқашан солай болған.


