Өзгерістер наградтауға кандидаттарды қарау кезінде ашықтықты, объективтілікті және әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Фото: Ақорда
ERNUR.KZ. ҚР Президентінің өкімімен мемлекеттік наградаларға ұсыну және оларды тапсыру тәртібін реттейтін нұсқаулыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп жазады inform.kz.
Өзгерістер наградтауға кандидаттарды қарау кезінде ашықтықты, объективтілікті және әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа редакцияда құжаттарды ресімдеу және үміткерлердің еңбегін бағалау критерийлері нақтыланды.
Атап айтқанда, наградтау қағазында кандидаттың еңбек жолы, ел мен халық алдындағы нақты еңбектері, сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы мәліметтер (жасалған уақытына қарамастан) міндетті түрде көрсетіледі. Жекелеген жағдайларда ішкі істер органдарынан мінездеме талап етіледі.
Көпбалалы аналарды наградтауға қатысты талаптар да реттелді. Енді наградтау тек Қазақстан азаматы болып табылатын көпбалалы аналарға беріледі. Егер көпбалалы ананың өзге елдің азаматтығындағы балалары болса, олардың паспорттарының куәландырылған көшірмелері мен фотосуреттері қоса ұсынылуы қажет.
Сонымен қатар, нұсқаулыққа сәйкес мемлекеттік наградалардың көшірмелері (дубликаттары) қымбат бағалы металдар қолданылмай дайындалады.
Мемлекеттік наградаларға құқықты қалпына келтіру уәкілетті органдардың өтініші негізінде, сот актілері мен өзге де растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда мүмкін болады.
Қабылданған өзгерістер мемлекеттік наградаларға ұсыну рәсімін жүйелеуге және осы институтқа деген сенімді арттыруға бағытталған.