Қазақстанда мектеп формасына қойылатын талаптар түсіндірілді

0
186

Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы күнделікті, салтанатты және спорттық болып бөлінеді.


Қазақстанда мектеп формасына қойылатын талаптар түсіндірілді

Фото: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Бүгін, 2026 жылғы 7 тамызда ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар жөнінде мәлімдеме жасады, деп жазады zakon.kz.

Ведомство жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінгенін, ал білім беру ұйымдарындағы оқыту мен тәрбие жүйесі зайырлы сипатта екенін атап өтті.

"Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар оны киюдің бірыңғай тәртібін қамтамасыз етуге, ата-аналардың мектеп формасына оң көзқарасын қалыптастыруға және білім беру ұйымдарының белгіленген қағидаларды сақтау жауапкершілігін арттыруға бағытталған", – делінген министрлік хабарламасында.

Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы күнделікті, салтанатты және спорттық болып бөлінеді.

"Мектеп формасын таңдау кезінде оқушылардың жас ерекшеліктері, климаттық жағдай, сабақ өтетін орын, мектеп ғимаратындағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескеріледі", – деп түсіндірді ведомство.

Мектеп формасының үлгісін білім беру ұйымы қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің және мектептің өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен айқындайды. Таңдалған үлгі жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Мектеп формасына енгізілетін өзгерістер де аталған кеңестермен келісіледі.

"Ата-аналар мектеп формасын кез келген сауда орнынан сатып алып, өндірушіні өздері таңдай алады. Білім беру ұйымдарына жекелеген өндірушілерге артықшылық беруге тыйым салынады", – деп мәлімдеді министрлік.

Әлеуметтік осал санатқа жататын отбасылардың балаларына "Жалпыға міндетті оқу" қоры аясында мектеп формасын, аяқкиім және оқу құралдарын сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 2026-2027 оқу жылы қарсаңында мұндай көмекпен шамамен 450 мың баланы қамту жоспарланған. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден 23 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылды.

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, мектеп формасында балаға жарақат келтіруі мүмкін бөлшектер мен әшекейлер болмауға тиіс. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының жарғысында белгіленген қағидаларға сай оқушылардың мектеп ғимаратында бас киіммен жүруіне рұқсат етілмейді.

Оқу-ағарту министрлігі "Білім туралы" заңға сәйкес, ата-аналар білім беру ұйымының жарғысында белгіленген қағидаларды және міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті екенін еске салды.

Бұған дейін маман балаға сапалы әрі қолайлы мектеп формасын қалай таңдау керегін айтып берген еді.