Қазақстанда мәрмәр қой етін өндірудің жаңа технологиясы әзірленді

0
125

Технологияның негізінде қозыларды қарқынды өсіру және бордақылау жүйесі жатыр.


Қазақстанда мәрмәр қой етін өндірудің жаңа технологиясы әзірленді

Ет үлгілерімен тұрған ғалым. Фото:gov.kz

ERNUR.KZ. Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қазақтың биязы жүнді қой тұқымы негізінде мәрмәр қой етін өндіру технологиясын жасап шығарды. Жаңа әзірлеме бұлшықет аралық май мөлшері жоғары және экспорттық әлеуеті зор ет алуға мүмкіндік береді, деп жазады Tengrinews.kz.

Мәрмәр қой еті қалай алынды?

Технологияның негізінде қозыларды қарқынды өсіру және бордақылау жүйесі жатыр. Жануарлар үшін арнайы теңдестірілген астықты құрама жем әзірленген. Оның құрамына астық және ақуыз компоненттері, пробиотиктер, өсімдік қоспалары, премикстер мен минералды заттар кіреді. Ғалымдардың айтуынша, мұндай тамақтандыру жүйесі жануарлардың қарқынды өсуіне, тұрақты зат алмасуына және бұлшықет аралық майдың біркелкі қалыптасуына ықпал етеді.

Зерттеу барысында қозы етіндегі бұлшықет аралық майдың мөлшері 4-6 пайызға жеткен. Салыстырмалы түрде айтсақ, дәстүрлі жайылымда бағу кезінде бұл көрсеткіш шамамен 2–3 пайызды құрайды. Осының арқасында ет айқын мәрмәрлік сипатқа ие болып, ерекше шырындылығымен, жұмсақтығымен және қанық дәмімен ерекшеленді.

Ғалымдар тағы қандай өзгерістерге қол жеткізді?

Зерттеушілер жануарлардың сойыс көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өтті. Атап айтқанда, ең құнды ет мүшелерінің шығымы артып, бұлшықет пен май тіндерінің арақатынасы оңтайландырылған.

Әзірлеушілердің пікірінше, бұл еттің тауарлық құнын арттырады және оны сыртқы нарықтарда өткізуге қосымша мүмкіндіктер туғызады.

Әзірленген жүйені Қазақстанның жоғары сапалы ет өндіруге бағытталған қой шаруашылықтарында қолдануға болатыны атап өтілді. Алынған мәрмәр қой еті экспорттық өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын заманауи талаптарға сай келеді.

Әзірлеменің ғылыми маңыздылығы пайдалы модельге берілген екі патентпен расталды. Зерттеу нәтижелері ғылыми басылымдарда да жарияланған.