Жаңа заң 2026 жылы парламентте талқыланады.
фото: Акимат Павлодарской области/Valeriy BUGAYEV
ERNUR.KZ. Қазақстанда ветеринарлық құжатсыз ет сатқандар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин хабарлады, деп жазады sputnik.kz.
Бұл 2026 жылы парламентте талқыланатын ветеринария туралы жаңа заңда қарастырылады, деді вице-министр.
"Халық 3 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлдан қорықпайды. Оны қатаңдату керек, себебі бұл азық-түлік қауіпсіздігімен байланысты. Мұндай істерді айыппұлмен емес, қылмыстық заңмен жазалау керек", - деді ол.
Вице-министр сондай-ақ ет және ет өнімдерінің цифрлық қадағалануы туралы айтты.
"Өндірілетін өнімдердің барлығы мал сою алаңдарында немесе ет комбинаттарында сойылып, ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өтуі керек. Тексеруден кейін біз еттің қайда кететінін көреміз — базарға, мектепке, балабақшаға немесе ауруханаға. Біз соңғы тұтынушыны көруіміз керек", - деп түсіндірді ол.
Жүйе бүкіл Қазақстан бойынша енгізіліп жатыр және жақын арада мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану нысандарын қамтитын болады.


