Қазақстанда креативті индустрияны мемлекеттік қолдау қағидалары бекітілді

0
152

Қазақстанда креативті индустрия субъекттерін мемлекеттік қолдау және ынталандыру қағидалары бекітілді.


Қазақстанда креативті индустрияны мемлекеттік қолдау қағидалары бекітілді

ERNUR.KZ. Жаңа құжат саланы дамытудың жүйелі әрі ашық тәсілін қалыптастырып, креативті жобалардың идея мен пилоттық шешімдерден бастап, халықаралық нарықтарға шығу және коммерцияландыруға дейінгі кезеңін қамтиды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Қаржыны қайтару мәселесіне де ерекше мән берілген. Мемлекеттік қолдау жобалардың тұрақтылығы мен экономикалық жағдайына бағытталып, грант арқылы қаржыландыру үлесін барынша азайтуды және жеке инвестиция тартуды көздейді.

Құжатта креативті және пилоттық жобаларды қаржыландыру, бірлесіп қаржыландыруға арналған қаржылық құралдар, жеке инвесторлармен бірлескен бастамаларды іске асыру, креативті өнім экспортын қолдау, зияткерлік меншікті тіркеу және құқықтық қорғауға жұмсалған шығындарды өтеу, халықаралық шығармашылық байқаулар мен іс-шараларға қатысу, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі жетістіктер үшін сыйақы беру мәселелері қарастырылған.

Сонымен қатар, қаржылық емес қолдау шаралары да анықталған. Оларға консультациялық, акселерациялық және білім беру бойынша қолдау, халықаралық мәдени және креативті платформаларға қатысуға жәрдемдесу, үй-жайлар мен жабдықтарды жеңілдетілген шарттармен ұсыну, цифрлық сервистер мен онлайн-платформаларды дамыту, жобаларға маркетингтік және құқықтық жетекшілік ету, креативті индустрияны дамытудың өңірлік стратегияларын әзірлеу, инклюзияны қамтамасыз ету шаралары және саланың жекелеген бағыттары бойынша арнайы бағдарламалар кіреді.

Қағидалардың қабылдануы креативті индустрияны ел экономикасының маңызды және бәсекеге қабілетті саласына айналдыруға бағытталған. Креативті индустрия ел үшін табыс әкеліп, жұмыс орындарын құрып, экспортты дамытуға мүмкіндік береді.