Тиісті өзгерістер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы аясында Кәсіпкерлік кодекске енгізілді.
ERNUR.KZ. Бұған дейін колледждер оқу-өндірістік процесс шеңберінде өндірілген өнімді өткізе алғанымен, мемлекеттік колледждер қызмет түрлерін кеңейту немесе өзгерту кезінде бәсекелестікті қорғау саласындағы уәкілетті органның келісімін алуға міндетті болатын. Енді бұл әкімшілік кедергілер жойылды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Жаңа мүмкіндіктер колледждерге оқу-өндірістік шеберханалардың әлеуетін тиімді пайдалануға, нақты тапсырыстарды орындауға және өндірістік бағыттарын дамытуға жол ашады. Студенттер оқу барысында нан өнімдерін, тоқыма бұйымдарын, жиһаз және басқа да өнімдерді дайындауға қатысып, болашақ мамандығын нақты өндірістік ортада меңгере алады.
Мұндай қызметтен түсетін кірістер колледждердің жабдықтарын жаңартуға, оқу-өндірістік шеберханаларды жаңғыртуға және материалдық-техникалық базаны нығайтуға бағытталады.
Қазіргі таңда еліміздегі 37 колледждің базасында 66 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аумақтық департаменттерімен бірлесіп, 51 колледж үшін 38 бағыт бойынша қосымша қызмет түрлерін іске қосу мәселесі қарастырылуда.
Қабылданған өзгерістер студенттердің практикалық даярлығының сапасын арттырып, нақты өндірістік тәжірибесі бар және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауға қолайлы жағдай жасайды.


