Қазақстанда кохлеарлық импланты бар балаларды үздіксіз оңалтудың жаңа моделі енгізілуде

0
105

Қазақстанда кохлеарлық импланты бар балалардың есту және сөйлеу қабілетін үздіксіз оңалтудың жаңа моделі енгізіліп жатыр.


Қазақстанда кохлеарлық импланты бар балаларды үздіксіз оңалтудың жаңа моделі енгізілуде
ERNUR.KZ. Бағдарламада қашықтан оңалту үшін цифрлық технологиялар қолданылады. Мультидисциплинарлық топ баланы сүйемелдеп, оның даму барысын тұрақты бақылап отырады. Негізгі мақсат жекелеген қысқа мерзімді курстармен шектелмей, баланы жыл бойы үздіксіз сүйемелдеу. Бұл ретте оның жеке қажеттіліктері мен даму қарқыны ескеріледі, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Негізгі мақсат жекелеген қысқа мерзімді курстармен шектелмей, баланы жыл бойы үздіксіз сүйемелдеу. Бұл ретте оның жеке қажеттіліктері мен даму қарқыны ескеріледі. Әлемде 430 миллионнан астам адамның есту қабілеті мүгедектікке әкелетін дәрежеде бұзылған. Олардың 34 миллионы – балалар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 700 миллионға жетуі мүмкін. Қазақстанда жыл сайын кохлеарлық имплантацияға байланысты 200-ден астам операция жасалады. 2007 жылдан бері екі мыңнан астам адам осындай операциядан өткен.

Қазақстанның географиялық ерекшеліктері мен бейінді мамандардың негізінен ірі қалаларда шоғырлануы оңалтуды осылай ұйымдастыруды қажет етеді. Шалғай өңірлерде тұратын балалардың оңалту сабақтарына тұрақты барып қатысу мүмкіндігі бола бермейді. Жаңа модельде қашықтан сүйемелдеу мен мамандарға барып оңалтудан өту ұштастырылады. Бұл аталған кедергілерді азайтуға көмектеседі.

Бағдарламаға қабылданған әр балаға жеке оңалту маршруты әзірленеді. Алдымен куратор өтінімді тіркеп, баланың бағдарламаға қатысу талаптарына сай келетінін тексереді. Одан кейін отбасының интернетке қолжетімділігі мен қажетті құрылғыларының бар-жоғы анықталып, қашықтан өтетін сабақтарға қатысу мүмкіндігі бағаланады. Әлеуметтік педагог баланың білім алу бағытын нақтылайды. Сурдопедагог, логопед пен психолог баланың жағдайын бастапқыда кешенді бағалайды. Қажет болса, оларға дефектолог пен емдік дене шынықтыру маманы қосылады.

Бірінші аптаның соңында мультидисциплинарлық топ оңалту бағытын, сабақтардың қарқындылығын және баламен жұмыс істейтін мамандар құрамын белгілейді. Екінші аптадан бастап бала бекітілген кесте бойынша онлайн сабақтарға қатысады, бейнематериалдармен жұмыс істеп, үй тапсырмаларын орындайды. Куратор баланың сабаққа қатысуы мен даму барысын тұрақты қадағалап, ата-аналармен кері байланыста болады.

Жылдық оңалту бағдарламасы екі негізгі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең толықтай қашықтан өтеді және жыл бойына құрылымы белгіленген төрт онлайн оңалту циклін қамтиды. Оңалту жұмысы баланың жеке қажеттіліктері мен көрсетілімдері ескеріліп, бекітілген кесте бойынша жүргізіледі. Екінші кезеңде қашықтан оңалту 15 күндік қарқынды курспен ұштасады. Бұл курстан балалар оңалту мекемесінде тәулік бойы жатып өтеді. Мамыр–тамыз айларында тиісті көрсетілімдер болса, балалар осы курсқа жіберілуі мүмкін. Курс аяқталған соң қашықтан сүйемелдеу кейінгі оңалту циклдерінде жалғасады.

Баланың жеке қажеттіліктеріне қарай оңалту қарқындылығының үш деңгейінің бірі таңдалады. Қолдаушы деңгей есту және сөйлеу дағдылары жеткілікті қалыптасқан әрі дамуы тұрақты ілгерілеп келе жатқан балаларға арналған. Есту және сөйлеу дағдылары қарқынды дамып жатқан балаларға белсенді деңгей белгіленеді. Дамуында ілгерілеу жеткіліксіз болса немесе бала қосымша қолдауды қажет етсе, қарқынды деңгей тағайындалады. Оңалту деңгейі аралық бағалау қорытындысына қарай қайта қаралады.

Оңалту жұмысына сурдопедагогтер, логопедтер, дефектологтер, психологтер, емдік дене шынықтыру мамандары, әлеуметтік педагогтер және кураторлар қатысады. Сурдолог пен неврологтың ұсынымдары да ескеріледі.

Бұл модельде ата-ана қосымша қатысушы емес, баланың оңалту нәтижесіне тікелей ықпал ететін негізгі тұлғалардың бірі саналады. Үйде ата-аналар баламен бірге мамандар ұсынған жаттығуларды орындайды, тапсырма нәтижелерін тіркеп, цифрлық бақылау күнделігін жүргізеді. Мамандар осы деректерге сүйеніп, баланың даму барысын бағалайды және жеке оңалту маршрутын дер кезінде түзетіп отырады.

Оңалту нәтижесін бағалау үш кезеңнен тұрады. Бала бағдарламаға қабылданғанда бастапқы диагностикадан өтеді. Оңалту барысында аралық мониторинг жүргізіліп, цикл соңында қорытынды бағалау жасалады. Мамандар баланың есту арқылы қабылдауын, сөйлеуін, қарым-қатынас дағдылары мен танымдық дамуын бағалайды. Сабаққа қатысуы және отбасының оңалтуға қаншалықты белсенді араласатыны да ескеріледі. Мультидисциплинарлық топ үш ай сайын баланың даму динамикасын қайта бағалап, келесі кезеңге арналған жеке оңалту маршрутын жаңартады.

Балалар осы 15 күндік оңалту курсына қашықтан жұмыстың бірінші кезеңіндегі нәтижелеріне қарай іріктеледі. Іріктеу кезінде баланың сабаққа тұрақты қатысуы, дамуындағы оң өзгерістер, отбасының бағдарламаға белсенді араласуы және тұрғылықты жерінде оңалту қызметтерін алу мүмкіндігі ескеріледі. Түпкілікті шешімді мультидисциплинарлық топ қабылдайды.

Жаңа модель кохлеарлық импланты бар балаларға оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттырып, шалғай өңірлердегі отбасыларды жүйелі сүйемелдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ баланың дамуындағы қиындықтарды дер кезінде анықтауға, ата-аналарды оңалтуға белсендірек тартуға және әр бала бойынша бірыңғай мониторинг жүргізуге жағдай жасайды.