Қазақстанда әйел кәсіпкерлерді қаржыландыруды мониторингтеуге арналған платформа іске қосылды

0
200

Қазақстанда әйел кәсіпкерлерді қаржыландыруды мониторингтеуге арналған ұлттық аналитикалық платформа іске қосылды.


Қазақстанда әйел кәсіпкерлерді қаржыландыруды мониторингтеуге арналған платформа іске қосылды
ERNUR.KZ. Бұл – еліміздегі әйелдердің қаржы ресурстарына қолжетімділігіне жүйелі әрі ашық көзқарасты қамтамасыз ететін алғашқы цифрлық ресурс. Платформа Қазақстан Республикасындағы әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру бағдарламасы аясында Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп әзірленді, деп хабарлайды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – әйел кәсіпкерлердің қаржылық қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге және қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін деректерді жинау, талдау және пайдалану жүйесін дамыту.

Агенттік кредиттер бойынша деректерді жинақтап, жүйеледі, сондай-ақ әйел кәсіпкерлерді сәйкестендіру әдіснамасын әзірледі. Аталған әдіснаманы әзірлеу жобаның маңызды нәтижелерінің бірі болды, өйткені ол алғаш рет кәсіпкерлікті кредиттеуге әйелдердің қатысуы туралы тұтас әрі сенімді көріністі қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Платформа банк және микроқаржы ұйымдары секторларында әйел кәсіпкерлерді қаржыландыруға кешенді мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ шағын, орта және ірі бизнес субъектілерінің кредиттік портфельдерін қамтиды. Аналитикалық функционал кредиттік портфельдің негізгі көрсеткіштерін, оның құрылымы мен сапасын, қаржыландырудың салалық және өңірлік ерекшеліктерін, сондай-ақ қарыз алушылардың демографиялық және ұйымдық сипаттамаларын ашып көрсетеді.

Бірыңғай сүзгілеу жүйесі есепті күн, кәсіпкерлік субъектісінің түрі, бизнес көлемі және ел өңірлері бойынша түрлі аналитикалық кесінділерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл пайдаланушыларға жалпыұлттық көрсеткіштерден бастап жекелеген өңір немесе сала деңгейіндегі егжей-тегжейлі талдауға дейін қажетті аналитиканы өздігінен қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Платформаның іске қосылуы әйел кәсіпкерлерді қаржыландыру туралы ақпараттың ашықтығын арттыруға, шешімдер қабылдау үшін аналитикалық базаны нығайтуға және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шараларының дәлелді негізін қалыптастыруға ықпал етеді.

Платформа https://wefikazakhstan.com/ ресми интернет-ресурсында орналастырылған, тәулік бойы қолжетімді және үш тілде жұмыс істейді.