"Атамекен" ҰКП-да өткен дөңгелек үстелде жаңа Салық Кодексіндегі өзгерістердің отандық фармацевтика және медицина саласындағы баға саясатына ықпалы талқыланды.
ERNUR.KZ. Қазақстанда 2026 жылдан бастап дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың құны артуы мүмкін, деп жазады baq.kz.
"Атамекен" ҰКП-да өткен дөңгелек үстелде жаңа Салық Кодексіндегі өзгерістердің отандық фармацевтика және медицина саласындағы баға саясатына ықпалы талқыланды.
Сала өкілдерінің айтуынша, 2026 жылдан бастап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға ҚҚС енгізу тапшылық тудыруы, отандық өндірісті тұралатып, нарықтағы бағаны тұрақсыздандыруы мүмкін. Жаңа заңға сәйкес, келер жылдан бастап дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға 5% мөлшерлеме белгіленіп, 2027 жылдан бастап ол 10%-ға дейін өседі. Ал фармацевтикалық субстанциялар мен өндіріске қажет материалдар үшін ҚҚС 16% деңгейінде қалады. Салықтан босату тек ТМККК мен МӘМС аясындағы дәрілер және сирек кездесетін ауруларға арналған препараттарды ғана қамтиды.
Ұлттық палата денсаулық сақтау саласы үшін жеңілдіктерді сақтап қалуды бірнеше мәрте көтерді. Өкінішке қарай, ұсыныстарымыз қолдау таппады. Қазір салық әкімшілендірудің нақты тетіктері жоқ, бұл бизнеске қосымша қысым жасайды, – деді "Атамекен" басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
Фармацевтикалық қауымдастық өкілдері жаңа ережелердің қиғаштық тудыратынын айтады. Мәселен, өндірушілер шикізат пен субстанция импорттағанда 16% ҚҚС төлейді, бірақ дайын өнімнің бір бөлігі жеңілдетілген мөлшерлемемен немесе мүлде салықсыз өткізіледі. Бұл шығынды өтей алмау саланы тиімсіз етеді.
Бізге түсініксіз жайт – әлеуметтік маңызы зор саланың салықтық жеңілдіктерден тыс қалуы. Мәселен, автоөнеркәсіп пен ауылшаруашылық техникасына мұндай артықшылық берілген, – деді "ФармМедИндустрия Қазақстан" Қауымдастығының атқарушы директоры Гүлдария Манақпаева.
"Нұр-Май Фармация" компаниясының басшысы Ғазиз Шаханов та осындай проблеманы атап өтті. Оның айтуынша, арзан дәрілерді өндіруде импорттық компоненттердің үлесі 70–80%-ға жетеді.
Төленген ҚҚС өтелмейді. Бұл тікелей шығынға айналып, соңғы бағаға қосылады. Нәтижесінде, дәрілер қымбаттап, бәсекеге қабілеттілігіміз төмендейді, – деді ол.
Сарапшылардың пайымынша, қазіргі жүйе клиникаларға да ауыртпалық түсіреді. Мәселен, диализ орталықтары МӘМС аясында қызмет көрсеткенімен, жабдық пен дәріні өндірушілерден ҚҚС-пен сатып алуға мәжбүр. Бұл қосымша шығын пациенттердің қалтасына түсуі мүмкін. Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова жағдайды «өмір сүру шегіндегі нарық» деп сипаттады. Сондай-ақ бағаны мемлекеттік реттеу жағдайында көптеген препараттар қазірдің өзінде нарықтан шығып жатқанын, ал ҚҚС енгізу ахуалды күрделендіретінін алға тартты.
Қазірдің өзінде тіркелген дәрілердің саны 12 мыңнан 6900-ге дейін қысқарды. Жаңа салықтан кейін халық дәрісіз қалуы мүмкін. Сондықтан отандық өндірушілер үшін шикізат пен жабдықты ҚҚС-тан босату қажет, – деді ол. Жиынға қатысқан Сенат депутаты Жанна Асанова да жағдайдың ушығып тұрғанын атап өтті.
Егер мәселе шешілмесе, жаңа жылдан бастап халық ең қажетті дәрілердің өзінен қағылады. Шұғыл шара қабылдау қажет, - деді сенатор.
Кездесу қорытындысы бойынша барлық тарап фармацевтикалық сектордағы салықтық әкімшілендірудің нақты тетіктерін әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобын құруға уағдаласты.