Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды сатуға жаңа талап қойылды

0
127

​2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін өндірілген биологиялық белсенді қоспалар Data Matrix кодымен таңбалануы тиіс. Ал өнімді міндетті қадағалау жүйесін 2027 жылғы 1 наурыздан бастап іске қосу жоспарланған.


Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды сатуға жаңа талап қойылды

ERNUR.KZ. Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) міндетті цифрлық таңбалау талабы күшіне енді. 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін өндірілген барлық өнім Data Matrix кодымен таңбалануға тиіс, деп жазады baq.kz.

Айтуынша, жаңа талап ББҚ айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге, өнімнің шығу тегін бақылауға және заң бұзушылықтарды уақтылы анықтауға бағытталған.

ББҚ-ның қозғалысы қалай бақыланады?

Цифрлық таңбалау кезінде өнімнің әрбір бірлігіне бірегей Data Matrix коды беріледі. Код қаптамаға түсіріліп, Тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторының жүйесінде тіркеледі. Осылайша өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап дүкен сөресіне дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік туады, – деді департамент басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, ББҚ-ны міндетті қадағалау жүйесін 2027 жылғы 1 наурыздан бастап іске қосу жоспарланған.

Осы күннен бастап өнім айналымы толық электрондық құжат айналымымен сүйемелденеді. Тауар нарыққа қатысушылар арасында берілген сайын әрбір операция расталуға тиіс, – деді ол.

Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, бұл шара өнім айналымының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге, адал кәсіпкерлерді жосықсыз бәсекеден қорғауға және заң бұзушылықтарды уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.

Таңбалау нарықтың жеткілікті бөлігін қамтығаннан кейін тұтынушылар өнімнің заңдылығын өздері тексере алады. Ол үшін қаптамадағы Data Matrix кодын Naqty Onim қосымшасы арқылы сканерлеу қажет, – деді департамент басшысының орынбасары.

Кәсіпкерлер не істеуі керек?

ББҚ айналымы саласында жұмыс істейтін компаниялар тауарларды таңбалау және қадағалаудың цифрлық жүйесінде (ТТҚЦЖ) тіркеліп, тауар карточкаларын алдын ала тіркеуді бастауы қажет. Ол үшін tanba.markirovka.kz порталына кіру керек, – деді Мұхамғали Арыспаев.

Оның айтуынша, тіркелген тауар карточкалары жаңартудан өтеді. Бұл рәсім белгілі бір уақытты талап етеді.

Сондықтан нарыққа қатысушыларға тіркеуді кейінге қалдырмай, алдын ала бастауды ұсынамыз. Бұл карточкаларды жаңарту рәсімін аяқтап, таңбалау кодтарына уақытылы тапсырыс беруге мүмкіндік береді, – деді ол.

Таңбаланбаған ББҚ қалдықтарын сатуға бола ма?

Міндетті таңбалау енгізілген күнге дейін өндірілген, таңбаланбаған биологиялық белсенді қоспалардың қалдықтарын белгіленген тізбеге сәйкес жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін өткізуге болады, – деді департамент басшысының орынбасары.

Жаңа талаптар ББҚ-ның өндірушіден бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі қозғалысын бақылауға, өнім айналымының ашықтығын арттыруға және тұтынушыларға сатып алатын қоспасының заңдылығын тексеруге мүмкіндік беруге бағытталған.