Қазақстанда бензин сапасы тексеріліп жатыр: 17 жанармай құю станциясынан сынама алынды

0
66

Қазақстанда бензин сапасына қатысты тексеру басталды.


Қазақстанда бензин сапасы тексеріліп жатыр: 17 жанармай құю станциясынан сынама алынды

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Сауда және интеграция министрлігі қазақстандықтардан түскен өтініштерге байланысты автомобиль бензинінің сапасына зертханалық зерттеу жүргізеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті Павлодар мұнай-химия зауытында тікелей алынған бензиннің арбитраждық сынамаларын өндірушіден тәуелсіз зертханаға тапсырды. Sinoil, QazaqOil және Helios қоспалары қосылған отын үлгілері де жеке зерттеліп жатыр. Зерттеу нәтижелері бір апта ішінде белгілі болады.

Қазіргі уақытта азаматтардың 12 өтініші қаралып жатыр: 9-ы – Астана қаласынан, 1-еуі – Павлодардан және 2-еуі – Солтүстік Қазақстан облысынан.

«17 жанармай құю станциясында бақылау сатып алуы жүргізілді: 5-еуі – Алматы қаласында, 5-еуі – Алматы облысында, 6-ауы – Абай облысында және 1-еуі – Жамбыл облысында. Қазіргі уақытта алынған үлгілерге зертханалық сынақ жүргізіліп жатыр. Осылайша, жүргізіліп жатқан тексеру отын сапасын өндіріс кезеңінде ғана емес, оны тұтынушыға сатуға дейінгі кейінгі айналым кезеңдерінде де бағалауға мүмкіндік береді. Тексеру аясында сынамалар бүкіл жеткізу тізбегі бойынша, оның ішінде мұнай базаларында да алынады. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттар, мемлекеттік стандарттар және сынақ зертханалары бар», – делінген министрлік хабарламасында.

Автомобиль бензинінің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда, заңнамада көзделген шаралар қабылданады. Оның ішінде талаптарға сәйкес келмейтін жанар-жағармай материалдарын сатуға тыйым салу және айналымнан алып қою шаралары қарастырылған.

Сауда және интеграция министрлігі жүргізіліп жатқан зерттеулердің нәтижелері туралы хабардар етіп отырады.