Қазақстанда атқарушылық іс жүргізудің жаңа қағидалары күшіне енді

0
102

Вице-министрдің айтуынша, қабылданған өзгерістер атқарушылық іс жүргізудің тиімділігі мен жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.


 Қазақстанда атқарушылық іс жүргізудің жаңа қағидалары күшіне енді

ERNUR.KZ. Қазақстанда айыппұлдар мен салық берешегін өндіріп алудың жеңілдетілген тәртібі кеңейтіліп, атқарушылық іс жүргізу барысында азаматтардың құқықтарын қорғау күшейтіледі. Бұл туралы ҚР әділет вице-министрі Даниель Ваисов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, 24 маусымда Қазақстан Президенті атқарушылық іс жүргізу жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған заңға қол қойған. Негізгі жаңашылдықтардың бірі – берешекті автоматты түрде өндіріп алу тетігін кеңейту.

«Берешекті автоматты түрде өндіріп алу өзінің тиімділігін дәлелдеді. Соның нәтижесінде 4 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді. Енді автоматты өндіріп алу шегі 20 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылады», – деді Даниель Ваисов.

Сонымен қатар сот орындаушылары борышкерлерді алдағы мәжбүрлеп көшіру туралы кемінде 10 күн бұрын хабардар етуге міндеттеледі. Сондай-ақ заңда атқарушылық құжатты орындауға ұсыну мерзімі өтіп кеткен жағдайда барлық шектеу шараларын алып тастау көзделген.

Тағы бір өзгеріске сәйкес, атқарушылық іс жүргізуді аяқтаған сот орындаушысы бұрын басқа сот орындаушылары салған тыйымдарды қоса алғанда, барлық бұғаттауларды өз бетінше алып тастай алады. Бұл шектеулерді жою мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

«Алименттік міндеттемелерді қорғауға ерекше назар аударылды. Алименттер өндіріп алушының арнайы банктік шотына ғана аударылады және бұл шотқа тыйым салуға жол берілмейді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдарға төленетін мемлекеттік жәрдемақылардан және Әлеуметтік кодекске сәйкес өзге де әлеуметтік төлемдерден өндіріп алу мөлшері 25 %-дан аспайды», – деді спикер.

Түзетулердің жеке бір бөлігі жеке сот орындаушыларының қызметіне қатысты. Олар үшін міндетті аттестаттау енгізіледі. Аттестаттаудан қайтадан өте алмау лицензиядан айыруға негіз болады.

Сондай-ақ әділет органдарының жеке сот орындаушыларының қызметін бақылау жөніндегі өкілеттіктері кеңейтіледі. Атап айтқанда, тексеру жүргізу кезінде банктік шоттар бойынша үзінді көшірмелерді алу құқығы беріледі.

Тағы бір жаңашылдық – сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымданудың міндетті сотқа дейінгі тәртібін енгізу. Бұдан бөлек, заңда орналасқан жері белгісіз заңды тұлға-борышкердің басшысын іздестіруге жариялау мүмкіндігі қарастырылған.

Вице-министрдің айтуынша, қабылданған өзгерістер атқарушылық іс жүргізудің тиімділігі мен жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.