Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселені қарастыру үшін арнайы комиссия құрылып жатқанын айтты.
ERNUR.KZ. Елімізде 16 жасқа дейінгі балалардың жеке басын анықтау тәртібі өзгеруі мүмкін. Оларды сәйкестендіру үшін фотосуреті мен жеке деректерін пайдалану ұсынылып отыр, деп жазады stan.kz.
Құрылтайда өткен Үкімет сағатында депутат Екатерина Смышляева баланың жеке басын анықтауға қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, туу туралы куәлік баланың дүниеге келгенін растайды. Алайда құжатты көрсеткен адамның шынымен сол бала екенін анықтау қиын.
"Қазір бізде баланың фотосуреті бар құжат – паспорт бар. Оны ата-аналар көбіне шетелге шығу үшін рәсімдейді. Әділет министрлігі туу туралы куәлікке баланың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін қосымша мәліметтер енгізуді жоспарлап отыр ма? Әлде бұл үшін басқа құжат немесе сәйкестендіру тәсілі қолданыла ма?" – деп сұрады депутат.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселені қарастыру үшін арнайы комиссия құрылып жатқанын айтты.
"Негізгі қиындық балалардың биометриялық деректерін пайдалануға және олардың жеке мәліметтерін қорғауға қатысты заң талаптарына байланысты. Қазір баланың жеке басын анықтау үшін оның фотосуреті мен сәйкестендіру деректерін пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр", – деді министр.
Әділет министрлігі не дейді?
Әділет вице-министрі Айдар Жарылғановтың айтуынша, туу туралы куәлік медициналық мекеме берген анықтама немесе баланың дүниеге келгенін анықтайтын сот шешімі негізінде рәсімделеді. Бұл кезде баланың жеке басы тексерілмейді. Тіпті құжатты рәсімдеу үшін баланың өзі қатысуы міндетті емес.
"Қолданыстағы талаптар бойынша туу туралы куәлікке баланың фотосуретін орналастыру қарастырылмаған. Егер баланы медициналық мекемеде суретке түсіру туралы шешім қабылданса, оның сырт келбеті алғашқы жылдары тез өзгеретінін ескеру қажет. Сонымен қатар шешуді қажет ететін техникалық мәселелер де бар", – деді вице-министр.
Әзірге баланың жеке басын анықтаудың қай тәсілі қолданылатыны белгісіз. Бұл мәселе арнайы комиссияда талқыланып, шешім қабылданған кезде балалардың жеке деректерін қорғау талаптары да ескерілмек.


